Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Фото: Сәтбаев университеті
Геология саласына білікті мамандар даярлауға бағытталған республикалық шара Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің қолдауымен ұйымдастырылды. Биыл жарыс эстафетасын Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті қабылдап, қатысушыларды жоғары деңгейде қарсы алды.
Универсиаданың ашылуына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысып, өңірдің индустриялық дамуы үшін жас геологтарды даярлаудың маңызын атап өтті.
Универсиаданың басты мақсаты – жастар арасында геология ғылымын кеңінен дәріптеп, геолог мамандығына қызығушылықты арттыру. Далалық тәжірибе мен инженерлік білімді ұштастыратын мұндай жобалар Қаныш Сәтбаев қалыптастырған геология мектебінің дәстүрін жалғастырып, жаңа буын мамандарын тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Биылғы додаға Қазақстанның жоғары оқу орындары мен колледждерінің «Пайдалы қазбалар кен орындарының геологиясы және барлауы» білім беру бағдарламасында оқитын үздік студенттер қатысты. Қатысушылар күрделі далалық маршруттар мен зияткерлік сайыстарда теориялық білімдерін ғана емес, өндірістік ортада жұмыс істеуге дайын екенін де көрсетті.
Жоғары оқу орындары арасындағы командалық жарыстың қорытындысы бойынша І орынды Nazarbayev университетінің «Туристер» командасы иеленді. Ал ІІ орын мінберінен Сәтбаев университетінің командасы көрінді. Қазақстан-Британ техникалық университетінің командасына ІІІ орын бұйырды.
Қазақстандық студенттер III Түркі универсиадасында 23 медаль иеленді
Универсиада аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының дарынды студенттеріне де ерекше қолдау көрсетілді. Колледж студенттері арасындағы жеке байқау нәтижесінде жоғары оқу орындарының білім гранттары табысталды.
Семей қаласындағы Геологиялық барлау колледжінің студенті Никита Эйсфельд Сәтбаев университеті ішкі білім грантының иегері атанды. Ал осы колледждің студенті Айдан Жақсыбекке Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің білім гранты берілді.
Бұл универсиада жас геологтардың кәсіби біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуына және ғылыми қауымдастықтың өзара байланысын нығайтуға арналған маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мұндай бастамалар Қазақстанның геология ғылымын дамытуға, инженерлік білімнің сапасын арттыруға және елдің индустриялық болашағын қамтамасыз ететін жаңа буын мамандарын даярлауға қызмет етеді. Бұл ұлт ғылымының негізін қалаған Қаныш Сәтбаевтың сара жолын жалғастырудың жарқын көрінісі.
Айта кетейік, IV геологиялық универсиада 2027 жылы Атырау қаласында өтеді.