Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Жыл басынан бері 50 жастан асқан 82 мыңнан астам ер азамат брахиоцефалдық тамырларды ультрадыбыстық зерттеу арқылы тексеруден өткен.
— Зерттеу қорытындысы бойынша шамамен 5 мың адамда (6%) бас және мойын тамырларының стенозы анықталды. Бұл — инсульттің негізгі қауіп белгілерінің бірі. Аталған патологияны дер кезінде анықтау ауыр асқынулардың алдын алуға, пациенттердің өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта пациенттердің 72,7%-ы ангиохирургтің консультациясын алған, бұл кадрлық әлеуетті одан әрі күшейту және мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыру қажеттігін көрсетеді.
— Бағдарламаны іске қосу демографиялық және мінез-құлық факторларымен байланысты. Қазақстанда ерлер мен әйелдердің арасындағы өмір сүру ұзақтығының айырмасы 8 жылдан асады. Бұл көбінесе ерлер арасында қауіп факторларының — темекі шегу, төмен физикалық белсенділік және басқа да факторлардың жоғары таралуымен байланысты, — деп хабарлады ведомстводан.
2026 жылғы қаңтардан бастап ер азаматтардың арасында цереброваскулярлық бұзылыстарды ерте анықтауға арналған зерттеу әр 2 жыл сайын жүйелі негізде жүргізілетінін еске сала кетейік.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде профилактикалық бағдарламаларды жаңғыртты.
Атап айтқанда:
дәлелденген тиімділігі бар зерттеулер енгізілді (төмен тығыздықтағы липопротеидтер, триглицеридтер, гликирленген гемоглобин); бейінді мамандардың негізсіз консультацияларын алып тастау арқылы пациенттерді бағыттау маршруттары оңтайландырылды; мейіргерлердің өкілеттіктері кеңейтілді, оның ішінде ауытқулар болмаған жағдайда тексеруді аяқтау мүмкіндігі берілді; зерттеуден өтетін азаматтардың жас шегі 76 жасқа дейін ұлғайтылды.Іске асырылып жатқан шаралар денсаулық сақтау жүйесінің профилактикалық бағытын күшейтуге, ауруларды ерте анықтауға және жүрек-қантамыр және цереброваскулярлық аурулардан болатын өлімді төмендетуге бағытталған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша емделген пациенттердің саны 8,3%-ға артып (49 мыңнан 53 мыңға дейін), тромболизис жүргізу үлесі 11%-ға өсті, инсульттен болатын өлім 4%-ға төмендеді.
Қазіргі уақытта инсульттер қанайналым жүйесінің ауруларынан болатын жалпы өлім құрылымының 32%-ын құрайды.
Жүргізіліп жатқан шаралардың нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы екі айында қанайналым жүйесі ауруларынан болатын жалпы өлім 16,3%-ға төмендеді.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде инсульттан болатын өлім 4%-ға төмендегенін жаздық.