Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қазақстанда ипотекалық несие бойынша мөлшерлемені анықтау ережесі өзгереді. Енді ипотекалық несие бойынша шекті пайыздық мөлшерлеме алғашқы жарнаның көлеміне байланысты болады. Жаңа ереже 2027 жылдан бастап күшіне енеді, - деп хабарлайды Aikyn.kz
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда "Қарыздар және микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлерін айқындау туралы" қаулы қабылданды.
Қаулыда ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық сыйақының тиімді мөлшерлемесінің (ЖСТМ) шекті мөлшерін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап LTV коэффициентіне (кредит сомасының кепіл құнына қатынасы) байланысты белгілеу көзделген:
LTV мәні қоса алғанда 0,7-ге дейін болған кезде – ЖСТМ шекті мөлшері 20 пайыз;
LTV мәні 0,7-ден жоғары болған кезде – ЖСТМ шекті мөлшері 25 пайыз.
Мысалы, азамат 30 млн теңгеге пәтер сатып алғысы келеді. Егер ол алғашқы жарна ретінде банкке 9 млн теңге (30 пайыз) немесе одан да көп ақша құйса, ипотека бойынша ең жоғары шекті мөлшерлеме 20 пайызды құрайды. Егер алғашқы жарнасы, мысалы, 6 млн теңге (20 пайыз) болса, онда оған қатысты 25 пайыздық жоғары шекті мөлшерлеме қолданылады.
2027 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ЖСТМ-нің қолданыстағы шекті мөлшері 25 пайыз деңгейінде сақталады.
Басқа өнімдер бойынша ЖТСМ-нің шекті мөлшерлері өзгеріссіз қалады.