Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту аясында барлық колледжді кезең-кезеңімен цифрландыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Мәжілісте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты,– деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бүгінгі Мәжіліс отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Осыған байланысты техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға арналған арнайы Жол картасы қабылданды, – деді министр.
Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде 763 колледж жұмыс істейді. Онда 556 мың студент білім алады. Оның ішінде 393 мың студент мемлекеттік грант негізінде оқып жатыр.
Министрдің мәліметінше, колледж студенттерінің 61 пайызы – 9-сыныптан кейін білім алып жатқан жастар. Сондай-ақ бүгінде еліміздің барлық өңірінде мыңға жуық бейінді сынып ашылған. Бұл сыныптарда 31 мыңнан астам оқушы жұмысшы мамандықтарға ерте бейімделу даярлығынан өтіп жатыр.
Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрлігі Қаржы министрлігі және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп колледждердегі жалпы білім беретін пән мұғалімдерінің еңбекақысын көтеру мәселесін қарастырып жатқанын айтты.