Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы ұялы байланыс қызметтерінің көлемі 278,4 млрд теңгеге жеткен. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш төмендеп, 2024 жылы 207 млрд теңгені құрады. Сарапшылар мұны пайдаланушылардың телефон қоңырауларының орнына түрлі мессенджерлер арқылы байланысқа жиі шығуымен байланыстырады.
2025 жылы ұялы байланыс қызметтері көлемі қайта өсіп, 8,5 пайызға артып, 224,5 млрд теңгеге жетті. Ал 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында статистиканы есептеу әдістемесінің өзгеруіне байланысты көрсеткіш айтарлықтай ұлғайған.
Жалпы, 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында байланыс қызметтерінің көлемі 638,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,6 пайызға өсті. Өсімге негізінен интернет қызметтері, ұялы байланыс және өзге телекоммуникациялық қызметтердің артуы әсер еткен.
Қазақстанда екі ұялы байланыс операторы автоқоңырау қызметін өшіреді
Дегенмен мобильді интернет пайдаланушылар сегментінде кері үрдіс байқалды. 2026 жылдың қаңтарында абоненттер саны 19,2 миллионнан 18,1 миллионға дейін, яғни 5,3 пайызға азайған. Ақпан айында бұл көрсеткіш тағы 1,5 пайызға төмендеп, 17,8 миллионды құрады. Кейінгі айларда жағдай біртіндеп тұрақталып, мамыр айының соңында мобильді интернет пайдаланушылар саны 18,2 миллионға дейін өсті.
Сарапшылардың пікірінше, мобильді интернет абоненттерінің азаюы тарифтердің қымбаттауымен байланысты болып отыр. 2026 жылдың мамырында қоңыраулар, SMS және интернет кіретін тарифтік жоспарлардың абоненттік төлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға өскен. Ал интернет пен телеарналардың пакеттері 2,7 пайызға, үй интернетінің тарифтері 2,3 пайызға қымбаттаған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау елімізде ұялы байланыс тарифі 151 пайызға қымбаттағанын, соның салдарынан шағымдар көбейгенін айтқан еді.