Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Ведомство басшысы орталықтың негізгі бөлімшелерінің жұмысымен, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи технологияларын енгізумен, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесіндегі цифрлық шешімдермен танысты.
— Министрге сәулелік терапия жүргізуге арналған КТ-симулятордың, сау тіндерді барынша сақтай отырып, жоғары дәлдіктегі сәулелік терапия жасауға мүмкіндік беретін TrueBeam аппаратының, сондай-ақ медициналық бейнелерді талдауға және дәрігерлік шешім қабылдауды қолдауға арналған Cerebra жасанды интеллект жүйесінің мүмкіндіктері таныстырылды. Бұл жүйе, сонымен қатар, мидың қан айналымының жедел бұзылыстарын диагностикалау кезінде де қолданылады, — делінген хабарламада.
Сүт безі обырын ерте анықтаудың тиімділігін арттыру мақсатында диагностикалық жабдықтары жаңғыртылған Маммологиялық орталықтың жұмысына ерекше назар аударылды. Жобаны іске асыру пациенттерді тексеру мен емдеу мерзімдерін қысқартуға да бағытталған.
Сонымен қатар министр диагностикалық және емдік эндоскопиялық араласулардың кең спектрі жүргізілетін Эндоскопиялық орталықты да аралап көрді. Өткен жылы бөлімшеде эндоскопиялық жабдықтар паркі жаңартылып, күрделі жөндеу жүргізілген. Бұл пациенттер үшін заманауи жағдай жасап, аз инвазивті емдеу әдістерінің мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етті.
— 2025 жылғы қарашада Астанадағы жаңа онкология орталығының базасында Протондық терапия орталығы ашылды. Қазіргі уақытта мұнда 38 пациент ем қабылдауда. Сондай-ақ Қызылорда және Ақтау қалаларында екі жаңа ПЭТ/КТ орталығы пайдалануға берілді (жалпы саны — 16 орталық), онда 280 зерттеу жүргізілген, — делінген ведомствоның баспасөз қызметі.
Барлық өңірлерде сараптамалық эндоскопиялық орталықтар ашылып, өткен жылы онда 15 мыңнан астам зерттеу жүргізілді, ал емдік манипуляциялар саны 4,5 мыңға артты.
Сапар қорытындысы бойынша министр жоғары технологиялық инфрақұрылымды дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу және жасанды интеллект технологияларын онкологияда ғана емес, жалпы медицинада қолдану медициналық көмектің сапасын, диагностика мен емдеудің тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік беретінін, сондай-ақ елдегі онкологиялық көмекті халықаралық заманауи стандарттарға сәйкес нығайтатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы қабылдап, отандық фармацевтика өнеркәсібін өркендету бойынша бірқатар тапсырма берді.