Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Құжат нысандарды олардың функционалдық мақсатына, конструктивтік ерекшеліктеріне, қабат санына, сондай-ақ құрылыстың сейсмикалық және геологиялық жағдайларына қарай жауапкершілік деңгейлеріне жатқызу өлшемшарттарын белгілейді. Ережеге сәйкес, техникалық күрделілік үш деңгейге бөлінеді: жоғары, қалыпты және төмен.
Жауапкершілік деңгейін тапсырыс беруші айқындайды және ол жобалау кезеңінде жобалау ұйымымен расталады. Ол көрсеткіш жоба материалдарында нысанның негізгі техникалық сипаттамасы ретінде көрсетіледі.
Бірінші (жоғары) деңгейге ең күрделі әрі ықтимал қауіпті нысандар жатады. Олардың қатарында қауіпті өндірістік объектілер, атом энергиясын пайдалану нысандары, қуаты 150 МВт-тан асатын жылу энергетикалық станциялар, 25 қабаттан жоғары ғимараттар, ірі медициналық және білім беру мекемелері, сондай-ақ әуежайлар, метрополитендер, магистральдық жолдар мен құбыр желілері сияқты инфрақұрылымдық нысандар бар.
Екінші (қалыпты) деңгейге орташа күрделі нысандар кіреді: 6 қабаттан 25 қабатқа дейінгі тұрғын үйлер, әкімшілік және әлеуметтік нысандар, агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындары, жанармай құю станциялары, II–III санаттағы жолдар, сондай-ақ орташа қуатты инженерлік желілер мен құрылыстар.
Үшінші (төмен) деңгейге сенімділік пен қауіпсіздік талаптары ең төмен нысандар жатады. Олар: шағын қабатты тұрғын үйлер, шағын бизнес нысандары, төмен қуатты инженерлік желілер, уақытша құрылыстар және абаттандыру элементтері.
Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов құрылыс саласындағы шешімін таппаған мәселелерді атаған еді.