Zakon.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Бұл туралы 27 қаңтарда ҚР Бас прокуратурасы хабарлады:
"Ағымдағы жылдың 27 қаңтарда Жамбыл облысында қаруды ұстау кезінде жарақат алған мерзімді қызметтегі әскери қызметшінің қайтыс болу фактісі бойынша ІІМ-нің әскери-тергеу органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады".
Сондай-ақ аталған қайғылы оқиғаға байланысты жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу барысы Бас Прокурордың жеке бақылауына алынғаны да нақтыланады.
"Оқиғаның алдындағы мән-жайларды объективті және жан-жақты (комиссиялық) анықтау мақсатында Қорғаныс министрінің орынбасары, Бас әскери прокурор және ІІМ Әскери-тергеу департаментінің бастығы оқиға орнына аттанды. Сонымен қатар, бұл топтың алдына еліміздің тиісті әскери бөлімдерінде әскери тәртіптің сақталуы мен жеке құрамның қауіпсіздік талаптарының сақталуына жан-жақты тексеруді ұйымдастыру тапсырылды", деп хабарлайды құзырлы ведомство.
Бұдан бөлек, әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, мерзімді қызметті өткеру қауіпсіздігі мәселелері жақын арада Бас прокуратураның арнайы алқа мәжілісінде қаралатын болады.
Айта кетсек, 23 қаңтарда Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқару кезінде мерзімді әскери қызметші өзіне бекітілген қарудан жарақаттанып, көз жұмды.