Елімізде тұрғын үйлердің маңына автокөліктерді қоюға тыйым салынады деген рас па түсініктеме

15.06.2026

Zakon.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

2026 жылы 15 маусымда ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеп, мына мәліметтерді алға тартты:

"ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің "Қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығында тұрғын үйлердің жанында автокөліктерді қоюға жаңа тыйым салу көзделмеген. Құжат бойынша негізгі мақсат – нормативтік құқықтық базаны Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне сәйкестендіру және елдімекендерді абаттандыру саласындағы қолданыстағы нормаларды қайта бекіту".

Сондай-ақ қолданыстағы ережелер бұған дейін де Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №235 бұйрығымен бекітілген Қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларында (Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі міндетін атқарушының 2024 жылғы 14 маусымдағы №219 бұйрығымен енгізілген редакцияда) қолданылып келгені нақтыланады.

Атап айтқанда, жаңа қағидаларда азаматтарға тұрғын үйлердің жанындағы арнайы қарастырылған автотұрақ орындарына көлік қоюға тыйым салатын нормалар жоқ.

Құзырлы ведомство өзгерістер тек нақтылау мақсатында енгізілгенін нақтылайды.

"Мәселен, қағидалардың 32-тармағында жеке тұрғын үйлерге іргелес аумақта жинап, сақтап қоюға рұқсат берілмейтін жылжымалы мүліктің тізбесі нақтыланды. Бұрын "өзге де жылжымалы заттар" деген жалпы тұжырым қолданылса, жаңа редакцияда оларға автокөлік құралдары, тіркемелер мен арбалар да жататыны нақты көрсетілген. Бұл ретте сөз автокөлік құралдарын пайдалануға немесе белгіленген орындарда қоюға тыйым салу туралы емес, ортақ пайдаланудағы іргелес аумақта мүлікті ұзақ уақыт сақтауға және үйіп қоюға жол бермеу туралы болып отыр. Сондай-ақ аталған қағидалар жол қозғалысын ұйымдастыру, автотұрақтар мен тұрақ орындарын реттеу және көлік құралдарын пайдалану мәселелерін қамтымайтынын атап өткен жөн. Сондықтан жарияланымдарда айтылған автокөліктерді қоюға жаңа шектеулер енгізіледі деген тұжырымдар құжаттың мазмұнына сәйкес келмейді", делінеді министрлік түсініктемесінде.

Ведомство азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және нормативтік құқықтық актілерге қатысты шындыққа жанаспайтын түсіндірмелерді таратпауға шақырады.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью