Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сәйкес, суға шомылу маусымы басталғалы (1 маусымнан бері) еліміздің су айдындарында 68 адам, оның ішінде 24 бала суға батып қаза тапқан. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында 90 адам, оның ішінде 23 бала құтқарылды,– деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, прокурорлар ішкі істер және төтенше жағдайлар органдарымен бірлесіп, су айдындарындағы жаппай демалыс орындарында рейдтер өткізуде, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып, жадынамалар мен ақпараттық материалдар таратуда, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы суда қауіпсіздік қағидаларын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Ерекше назар азаматтарды жабдықталмаған жерлерде шомылудың қауіптілігі туралы ескертуге аударылуда. Мұндай орындарда құтқару бекеттері жоқ, су түбі тексерілмеген. Сондықтан төтенше жағдай туындаған кезде дер кезінде көмек көрсету мүмкін болмай қалуы ықтимал.
Су жағасында демалмас бұрын шомылуға рұқсат етілген орындардың тізімімен алдын ала танысу ұсынылады. Бұл ақпарат әкімдіктер мен Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелерінің ресми сайттарында орналастырылған.
Азаматтарға судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін көзделген жауапкершілік те түсіндірілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабына сәйкес қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету салдарынан адамның денсаулығына зиян келтірілген жағдайда, 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салудан бастап бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауаптылық көзделген.
Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сәйкес ата-аналар мен заңды өкілдер кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Аталған баптың санкциясында 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салудан бастап 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген.
Профилактикалық жұмыстар балалар арасында да жүргізілуде. Кездесулер барысында оларға судағы қауіпсіздік қағидалары түсіндіріліп, ересектердің қарауынсыз немесе тыйым салынған жерлерде шомылудың қауіптілігі туралы айтылуда.
Прокуратура ата-аналарды балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмауға және демалыс кезінде олардың қайда жүргенін үнемі бақылауда ұстауға шақырады.
Естеріңізде болсын: бірнеше минуттық бейқамдық орны толмас қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Демалу үшін тек ресми түрде рұқсат етілген әрі жабдықталған шомылу орындарын таңдаңыздар, қауіпсіздік талаптарын сақтаңыздар және өздеріңіз бен жақындарыңыздың амандығына қамқор болыңыздар.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.