Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Астана қаласындағы «NURORDA» мектеп-лицейінде ұйымдастырылған жиын білім беру жүйесіндегі тәрбие жұмысын жетілдіруге бағытталды. Қатысушылар «Адал азамат» тұжырымдамасын өңірлерде тиімді іске асыру жолдарын қарастырып, құндылыққа негізделген тәрбие моделін қалыптастыру тетіктерін талқылады.
Күн тәртібінде тәрбие үдерісіндегі сабақтастықты қамтамасыз ету, оқу мен тәрбиені біртұтас жүйе ретінде қарастыру және озық тәжірибелерді кеңінен енгізу мәселелері қамтылды.
Форумға Сенатор Бибігүл Жексенбай, Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова, «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте, сондай-ақ психолог-сарапшылар Ержан Мырзабаев пен Бағдат Ғалия қатысты.
Талқылау барысында тәрбие мәселесінің қоғамдағы рөлі өзгеріп отырғаны, әсіресе цифрлық ортаның ықпалы күшейгені атап өтілді. Осы тұрғыда ұлттық құндылықтарды жүйелі түрде қалыптастырудың маңызы ерекше екені айтылды.
Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай балалардың ақпарат кеңістігінде қалыптасып жатқанын айтып, тәрбиенің жаңа тәсілдеріне тоқталды.
– Ақпарат бейтарап емес, ол мінез бен құндылықты қалыптастырады. Сондықтан баланы шектеу емес, дұрыс бағдарлау маңызды. Ақпараттық иммунитет – бүгінгі тәрбиенің өзегі. Тәрбие бақылаудан емес, сенімнен басталады. Бала экранмен емес, адаммен, контентпен емес, құндылықпен өсуі тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты мәселе, - деді ол.
Жиында сөз алған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Ержан Әубәкіров тәрбие үдерісіндегі ата-ананың рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, мектеп пен отбасы арасындағы өзара түсіністік пен жүйелі байланыссыз сапалы нәтиже күту қиын.
– Бала тәрбиесі тек мектептің міндеті емес. Бұл – ата-ана мен білім беру ұйымдарының ортақ жауапкершілігі. Мемлекет бекіткен тәрбие стандарттары мен құндылықтарын, соның ішінде «Заң және тәртіп» қағидатын отбасы деңгейінде жүзеге асыру маңызды. Себебі бала ең алдымен құндылықты отбасынан алады, ал мектеп оны толықтырып, бағыт береді, - деді ол.
Форум қорытындысында тәрбие жұмысын жетілдіруге және білім беру ортасында бірізді жүйе қалыптастыруға бағытталған ұсынымдар қабылданды.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада буллингтің алдын алу мәселелеріне арналған алғашқы республикалық форум өтіп, оған 300-ден астам мұғалім мен психолог қатысқан болатын.