Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Жақында баскетбол командасы Астанада жылдық нәтижені қорытындылау мақсатында баспасөз мәслихатын өткізді.
Команда өткен маусымдарда ВТБ Бірыңғай лигасына қатыспаған еді. Аталған лига – Ресей федерациясы мен ВТБ банкінің бірлесіп құрған халықаралық баскетбол турнирі. Бұл лигада астаналық ойыншылар жиі төбе көрсетіп келгенімен, кейінгі маусымда қатыспауды жөн деп шешкен.
Астана командасының аталған додаға қатыспауына негіз болған басты себеп – іскерлік байланыс орнатқан Лига басшылығымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесі. Сонымен қатар клубтың тиісті түрде жасақталып, қажетті деңгейдегі легионерлерді тарту мүмкіндігі болмады. Алайда елордалық команда құрамасы «Астананың» жақын болашақта жарысқа қайта қосылуына мүдделі.
Ақталған сенім
Дегенмен де елордалық команда Ұлттық лигада сенімді ойын өрнегін көрсетті. Турнир кестесінің жоғары сатысында орнығып, плей-оффқа басты фавориттердің бірі ретінде жол тартты. Команданың шеберлік көрсетуі заңды да еді, алайда биылғы финал «Каспий» командасымен тартысты текетіреске ұласты. Нәтижесінде, чемпиондық ақтаулық командаға бұйырғанымен, «Астана» ойыншыларының маусым бойы атқарған еңбегі еш кеткен жоқ.
Клубтың бас директоры Самсон Аракелянның айтуынша, команда Ұлттық лиганың финалдық сериясында жеңіліс тапқанына қарамастан, маусымды сәтті өткізді.
– Біз тұрақты чемпионатты алғашқы орында аяқтап, финалға шықтық және Батыс Азия суперлигасында лайықты өнер көрсеттік. Көптеген шетелдік бәсекелестеріміздің бюджеті бізден үш-төрт есе көп болды. Соған қарамастан, команда біздің артқан үмітіміз бен сенімімізді толықтай ақтай алды десем, еш қателеспеймін, – дейді ол.
Команданың жылдық бюджеті
«Астана» кәсіби клубының бюджеті шамамен 2 млрд теңгеге жетіп отыр. Клубты қаржыландырудың негізгі бөлігі мемлекеттік спорт ұйымдары арқылы іске асады, сонымен қатар қаржының белгілі бір бөлігін клуб өз қызметі арқылы табады. «Астана» – ВТБ Бірыңғай лигасында өнер көрсеткен клубтарға қарағанда, ең қарапайым бюджетке ие команданың бірі. Оның қаржылық мүмкіндігі лиганың жетекші ресейлік клубтары – «ЦСКА» мен «Зенит» командаларының бюджетінен әлдеқайда төмен. Дегенмен де команда мүмкіндікті пайдаланып шеберлігін шыңдауға бар күшін аямай сарп етті десек, қателеспеспіз. Мысалы, жанкүйерлер Ұлттық лиганың маусым басында команданың ішкі біріншілікте үздік үштікке таласатынын болжаған шығар. Алайда жыл соңында «Астана» тек ел чемпионатының финалына дейін жетіп қоймай, халықаралық аренада да кәсіби дағдыларын көрсетіп, көпке дәлелдей алды. Сондықтан күміс медаль бұл маусымның жалғыз қорытындысы емес.
Команданың ерекше көзге түскен тұсы – халықаралық деңгейдегі ойындары. Батыс Азия суперлигасында өнер көрсеткен қазақстандық клуб қаржылық мүмкіндігі әлдеқайда жоғары қарсыластармен иық тірестіре ойын көрсетті. Кей матчтарда тәжірибе мен бюджет емес, жігер мен тәртіп жеңіске жеткізетінін дәлелдеді. Соның айқын көрінісі ретінде құрлықтағы ең мықты команданың бірі ливандық командамен болған ойындағы жеңісін атауға болады. Бір айтарлығы, ливандық «Аль-Рияди» баскетбол құрамасы бұған дейін бірде-бір рет ұтылып көрмеген.
Клуб басшылығы да маусым қорытындысына оң баға беріп отыр. Бас директор Самсон Аракелянның пікірінше, команда әлеуетін толық ашып, күткен нәтижеден де жоғары деңгей көрсетті.
– Кей қарсыластарымыздың мүмкіндігі бізден бірнеше есе жоғары болды. Соған қарамастан, команда алға қойған міндеттерді орындаумен қатар, жоспарлағаннан да жақсы нәтиже көрсетті, – деді ол.
Құрамдағы өзгерістер
Маусым барысында ұжым түрлі қиындыққа тап болды. Плей-офф алдындағы кадрлық өзгерістер команданың жұмысына әсер етпей қоймады. Дегенмен ойыншылар қысымға төтеп беріп, маусымның шешуші сәттерінде жауапкершілікті мойнына ала білді. Соның бірі – финалдық сериядағы төртінші матч. Легионер ойыншылардың бірі Адас Юшкявичус алаңнан кеткеннен кейін команданың жауапкершілігі жергілікті баскетболшыларға түсті. Сол кездесуде «Астана» мінез көрсетіп, жанкүйерлер сенімін ақтай алды. Команда капитаны Рустам Мурзағалиевтің айтуынша, дәл сол матч ұжымның, шын мәнінде, бірлігін көрсеткен.
– Біз сол сәтте әрқайсымыздың жауапкершілігіміз артқанын түсіндік. Команда болып бірігіп, маңызды жеңіске жеттік. Енген өзгерістер бізге тек өзімізді көрсететін мүмкіндік пен үлкен мотивация сыйлады, – деді капитан.
Баскетбол көрермені артып келеді
Өткен маусымның тағы бір маңызды жетістігі – жанкүйерлердің баскетболға деген қызығушылығының артуы. Финалдық ойындарда ареналардың лық толуы, әлеуметтік желілер мен трансляциялардағы белсенділік бұл спорт түрінің елдегі беделі өсіп келе жатқанын аңғартты. Бұрын футбол мен хоккейдің тасасында қалып келген баскетбол бүгінде өз аудиториясын қалыптастырып үлгерді.
Клуб басшылығы құрамды күшейту бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр. Сонымен қатар команда күзде өтетін Батыс Азия суперлигасының финалдық кезеңіне дайындықты бастап кетті.
Мәселе жүлденің беделінде емес. Маңыздысы – команданың өз мүмкіндігін дәлелдеуі, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсетуі. Сондықтан бұл маусымды елордалық клуб үшін жеңіліс емес, жаңа белестерге бастайтын маңызды қадам деп бағалаймыз.
Мөлдір БОЛАТҚЫЗЫ,
ЕҰУ-дың 2-курс студенті