Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Елордадағы тұрғын үй кешендері бірінің тұрғыны краннан аққан қоңыр суға шағымданды. Оның айтуынша, отбасы пәтерді бірнеше ай бұрын ғана сатып алған, бірақ қазірдің өзінде сумен жабдықтау мәселесіне тап болған. Tengrinews.kz пікір алу үшін Астана әкімдігіне, "Астана Су арнасы" мекемесіне және құрылыс салушыға жүгінді.
"Ешкім жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді": не болды?
Судың сапасына шағымданған жазба әлеуметтік желіде жарияланды. Автор отбасы жақында комфорт санатқа жататын тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алғанын және қазір бұл таңдауына өкінетінін айтты.
"Үйді осыдан бірнеше ай бұрын алдық, ешкім жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді, құбырларды ауыстырмайды. Осылай болғанына өте қатты өкінемін. Бұл бізге сабақ болады", – деп жазды ол.
Тұрғынның айтуынша, судың мұндай күйі оны тұрмыстық мақсатта толыққанды пайдалануға кедергі келтіреді.
"Шоколад" түсті судың себебі неде: әкімдік не дейді?"Біз сеніп сатып алдық, ал нәтижесі осындай болды. Өте өкінішті. Жуыну мүмкін емес. Оның үстіне біздің ТК комфорт санатқа жатады", – делінген жазбада.
Астана әкімдігі кешен тұрғындарының бұған дейін де суға қатысты шағымданғанын хабарлады. Қала билігі бұл жағдай "Астана Су арнасы" МКК бақылауында екеніне сендірді.
"Аккредиттелген зертхана мамандары магистральдық су желілерінде де, үйге кіреберісте де (жертөледе) бірнеше рет су сынамасын алды. Зертханалық талдаулардың нәтижесі бойынша судың сапасы белгіленген санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен мемлекеттік стандарт талаптарына толық сәйкес келеді", – деп хабарлады әкімдік.
Астана әкімдігі су түсінің өзгеруін үй ішіндегі жүйедегі ақаулармен түсіндірді. Олардың мәліметінше, тұрғын үй кешені әлі толық қоныстанбағандықтан, жекелеген тікқұбырлар мен құбыр учаскелерінде су тұрып қалуы мүмкін.
"Қалалық сумен жабдықтау желілерінің жұмысында ешқандай олқылық тіркелген жоқ, ресурс штаттық режимде беріліп жатыр. Үй ішіндегі мәселені жою үшін қызмет көрсететін ұйым (Мүлік иелерінің бірлестігі / Басқарушы компания) тұрғын үй кешенінің ішкі су желілерін жуып-шаюды және ретке келтіруді жүргізуі қажет", – деп атап өтті әкімдіктегілер.
"Астана Су арнасы" да қалалық желілер үйге тиісті сападағы суды жеткізіп жатқанын мәлімдеді.
"Су түсінің өзгеруі үй ішіндегі коммуникацияларда болып жатыр. Нысан үлкен және қазіргі уақытта толық қоныстанбаған, соның салдарынан жекелеген тікқұбырлар мен ішкі құбырларда судың іркілісі байқалады", – деп түсіндірді "Астана Су арнасы" өкілдері.
Кәсіпорын мәліметінше, құбырларда су ұзақ уақыт тұрып қалғанда шөгінді жиналуы мүмкін, ол кейін су ағынына араласады.
Құрылыс салушы не дейді?Qazaq Stroy компаниясы Tengrinews.kz-ке қызмет көрсетуші ұйым A-CITY RESIDENCE тұрғынынан "қоңыр түсті" суға қатысты шағым алғанын растады.
Құрылыс салушы қазіргі уақытта мамандар үй ішіндегі жүйені жуып-шайып, себебін анықтап жатқанын хабарлады.
"Алдын ала бағалау бойынша, су түсінің өзгеруі суды қарқынды пайдаланумен және үй іші жүйесіндегі су қозғалысымен байланысты болуы мүмкін, соның салдарынан құбыржолдардағы шөгінді көтерілуі ықтимал", – деп хабарлады компания.
Qazaq Stroy үй ішіндегі желілер болат құбырлардан жасалғанын, осыған байланысты олардың қабырғаларында коррозиялық және басқа да шөгінділер пайда болуы мүмкін екенін айтты. Компания нұсқасы бойынша, ағын күшейген кезде олар суға түсіп, түсін уақытша өзгертуі мүмкін.
Бұл ретте құрылыс салушы құбырлардың жұмысқа жарамды күйде екенін және оларды ауыстырудың қажеті жоқ екенін алға тартады.
"Мәселені шешу үшін біздің тарапымыздан үй ішіндегі сумен жабдықтау жүйесін жуып-шаю және су сапасын бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жуып-шаю шаралары аяқталғаннан кейін қайта тексеру жүргізіледі. Қосымша себептер анықталған жағдайда, оларды жою бойынша тиісті шаралар қабылданады", – деп түсіндірді компания өкілдері.
Сонымен қатар Qazaq Stroy үй ішіндегі желілерге МИБ қызмет көрсететінін, ал құрылыс салушы кепілдік жағдайларына жауап беретінін нақтылады.
Бұған дейін Tengri Home неге жаңадан салынған үйлерді сатып алушылардың жарнамадағы уәделерден өзгеше баспанаға жиі тап болатынын және мұндай жағдайда құрылыс салушыны жауапқа тарту мүмкіндігін зерттеп көрді.
Тағы оқыңыз: "Бизнес" санатынан деп алған үй "эконом" болып шықса, құрылыс компаниясын жауапқа тартуға бола ма?
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу