Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Мәселен, үшінші топтағы мүгедектігі бар 60 жастағы астаналық Бауыржан Алдабергенов жұмысқа орналасуға көмек сұрады. Оның айтуынша, бұған дейін елордадағы №106 мектепте шаруашылық меңгерушісі болып істеген, алайда штат қысқаруына байланысты жұмысынан айырылып отыр.
– Еңбек өтілім – 30 жыл, зейнетке шығуыма небәрі үш жыл қалды. Енді жұмыссызбын. Мектеп басшылығына да, еңбек инспекциясына да жүгіндім, бірақ ешқандай нәтиже болмады. Үш баламыз бар, олардың біреуі асырауымызда, – дейді Бауыржан Алдабергенов.
Тұрғындар жұмыспен қамтудан бөлек, баспанаға қатысты мәселелерін де айтып қалды. Қала тұрғыны Зарина Әйтімова тұрғын үй мәселесінде «Отбасы банкінің» әрекеттеріне шағымданып, қалыптасқан жағдайдың мән-жайын анықтауға көмек беруін өтінді. Ал зейнеткер Күләш Медиева көп жылдан бері пәтер кезегінде тұрғанын, алайда кезекте тұрған санын да біле алмай отырғанын айтты. Ол мемлекеттен субсидия алатын құрылыс компаниялары жеке баспанасы жоқ зейнеткерлер үшін Астанада бірнеше тұрғын үй салып берсе деген ұсыныс айтты.
Запастағы полковник Рахымжан Тәттіғұлов барлық қажетті құжаты барына қарамастан, әскери қызмет өтілін ескере отырып зейнетақы тағайындату, сондай-ақ өзіне тиесілі әлеуметтік, медициналық және санаторий-курорттық жеңілдіктерді алу мәселесін әлі күнге дейін шеше алмай жүргеніне шағымданды.
Қоғамдық қабылдауға оқушылар да келіп тұрады. Бұл жолы 11-сынып оқушысы стартап жобасын жүзеге асыруға жәрдем сұрап, депутат бұл өтінішті онлайн режимде қарады. Жоба сауда нысандарының қызметін дамытуға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Осыған байланысты жасөспірім өз идеясын жүзеге асырғысы келеді.
– Тұрғындар түрлі мәселе бойынша жүгінеді. Оның барысында орынды ұсыныстар да жиі айтылады. Азаматтардың бізге – «Әділет» партиясына жүгінетіні қуантады. Тәжірибе көрсеткендей, кейбір мәселе қысқа мерзімде шешімін тапса, енді біріне біршама уақыт қажет. Алайда бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды. Әрбірі мұқият зерделеніп, уәкілетті органдармен бірге пысықталады, – деді Тілектес Адамбеков.
Еске салайық, азаматтар өз өтініштері мен ұсыныстарын «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне e-Otinish жүйесі немесе партияның цифрлық платформасы арқылы жолдай алады.
Бекбол Амангелді