Елорданың жетістіктері ел дамуының көрсеткіші

17.02.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласындағы бірқатар маңыз­ды жобалардың жұмыс барысымен танысты. Ол әуелі ЖЭО-3 нысанына барды. Одан кейін бас қалада жүзеге асырылып жатқан индустриялық, цифрлық жобалармен, бұдан әрі орта және шағын бизнестің жай-күйін, заманауи спорттық инфрақұрылымды дамыту үдерісін тексерді.

Жаңа энергия көздері – қала тіршілігінің өзегі

Үкімет басшысы ең бірінші ат басын бұрған елордадағы ЖЭО-3-тің бірінші кезеңі толық аяқталған. Енді екінші кезеңін іске асыру жоспарланып отыр. Қазір жылу электр орталығы елордадағы бұрынғы энергия тапшылығын толық жабуға, алдағы сұранысты ескере отырып, қосымша қор қалыптастыруға мүм­кіндік береді. Сағатына 440 Гкал жылу өндіретін станса Ш.Айтматов көшесі, Ұлы Дала мен Тұран даңғылы бойындағы жаңа құрылыс аудандарын жылумен қамтамасыз етеді.

Нысанда көмірді балама отын ретінде пайдалану мүмкіндігін кеңейту жұмыс­тары биыл аяқталмақ. Осы мақсатта жа­­нар­май беру жүйесін қайта себу то­рап­­­тарымен, ұсақтау корпусымен бірік­­­тіру, сондай-ақ теміржол стансасын ин­­же­нер­лік инфрақұрылыммен қосу көз­деліп отыр. Көктемде сыртқы, ішкі ав­токөлік жолдарын салу, аумақты абат­тандыру секілді жұмыстар жалғасын табады. Жобаның екінші кезеңі аясында жеке инвестициялар есебінен қуаты 500 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу жоспарланған.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қа­сымбек Үкімет басшысына жылыту мау­сы­мы­ның штаттық режімі туралы баяндады. Әкімнің айтуынша, қаланы сенімді жылумен қамту мақсатында үш жылу электр орталығы мен «Тұран», «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансалары жұмыс істеп тұр. Бас қаладағы құрылыс қарқынды жүріп жатқандықтан келешек қажеттіліктерді өтеуді көздейтін «Тель­ман» газ жылу стансасы салынып жатыр. Оны келесі жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Ал Энергетика министрі Ерлан Ақкен­­женов елімізде қазіргі жылыту мау­сымы тұрақты деңгейде өтіп жат­қа­нын мәлімдеді. Ауқымды жөндеу жұ­мыс­та­рының нәтижесінде генерация көлемі 17,2 мың МВт-қа жетіп, өткен маусым­мен салыстырғанда 7%-ға артқан. Министрдің айтуынша, 9 жылу орталығы апат қаупі жоғары «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа, тағы 3 орталық «сарыдан» «жасыл» аймаққа өтті. Электр стансаларында 10 энергия блогі, 63 қазандық пен 39 турбина жөндеуден өткен. 17 мың шақырым электр желісі мен 420 қосал­қы станса қайта жаңғыртылып, 323 шақы­рым жылу желісі ауыстырылды. Кейінгі үш жылда энергетика саласына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, электр қуатының тапшылығы 29%-ға азайтылды.

Жұмыс сапары кезінде Премьер-министр салалық министрліктер мен қала әкімдігіне ЖЭО-3 жобасын аяқ­тау жұмысын жеделдетуді, сондай-ақ жы­­лыту маусымының тұрақты өтуін то­лық бақылауды тапсырды. Нысанды ара­лау барысында ЖЭО-3-тің еңбек ұжы­мы жаңа Конституция жобасын қолдап, сөз сөйледі.

Үкімет басшысы биылғы 15 наурызда өтетін референдумға азаматтардың белсенді қатысуы маңызды екеніне тоқ­­талды. «Қазір еліміз өте маңызды саяси кезеңді бастан өткеріп жатыр. Жаңа Конс­титуция – Президентіміз Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың әділетті, қуат­­ты Қазақстанды құруға бағытталған ауқым­­ды саяси реформаларының айқын көрі­нісі. Ата заңның ең басты арқауы – адам, яғни азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығы, құқықтары мен бостандығы. Яғни адам капиталын дамытуға, еңбек адамына деген мемлекеттің көзқарасы түбегейлі өзгереді. Референдумға белсенді қатысу, азаматтық жауапкершілік таныту және мемлекет пен қоғамның мүдделерін басшылыққа ала отырып, саналы таңдау жасау аса маңызды», деді О.Бектенов.

Индустрия мен цифрландыру саласындағы тың серпін

Үкімет басшысы бас қалада жүзеге асырылып жатқан индус­триялық, цифр­лық жүйелердің тұрақты­лығын арттыруға ерекше назар аударды.

Астана қаласында өнеркәсіптің негізгі бөлігін өңдеу секторы құрайды. Былтыр өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,4 трлн теңгеден асты. Аталған жобалардың басым бөлігі №1 Индустриялық парк аумағында шоғырланған. Өндірістік портфель жалпы құны 333,3 млрд теңге болатын 137 жобаны қамтиды. Онда 9 500-ден астам жұмыс орны қаралған.

Сонымен қатар Премьер-министр «Автокомпоненты KZ» ЖШС-ның өрт сөндіру мен арнайы техника шығаратын зауытының жұмысымен танысты. Былтыр қаңтар айында іске қосылған кәсіпорынға 5,1 млрд теңгеден астам жеке қаражат бағытталған. Кәсіпорын Кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауына ие болды.

Сапар аясында Үкімет басшысына өндірістік циклдің негізгі аймақтары көрсетілді. Онда қазір шығарылатын өнім түрлерін кеңейту, локализация деңгейін арттыру мақсатында өндірістік желілерді дамыту жүргізіліп жатыр.

Олжас Бектенов өз сөзінде индустрия­ландыру мен еңбек өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құрудың негізгі драйверінің бірі – отандық машина жасау саласын дамытудың маңызын атап өтті. «Өңдеу өнеркәсібінің өсуі экономиканы әртараптандыруға, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей әсер етеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өткендей, біз ел ішінде көбірек өнім өндіруіміз керек, нақты секторды нығайтып, тұрақты жұмыс орындарын құру қажет. Нәтиже неғұрлым көбірек өнім шығаруға, көбірек жұмыс орнын құруға және жоғары сапаға негізделуі керек», деді О.Бектенов.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Astana Smart City жобасын іске асыру аясында құрылған Деректерді өңдеу орталығы­на (ДӨО) барды. Бұл – елдегі қалалық инф­ра­құрылым қажеттіліктеріне арнайы салынған алғашқы дата-орталық. Ол халықаралық Presight компаниясы мен қала әкімдігінің серіктестігі негізінде ашылды.

Presight компаниясының өкілдерінің хабарлауынша, ДӨО негізінде қала ахуа­лы орталығы, бейнеталдау жүйелері, жасанды интеллект платформалары мен қалалық ортаны басқару жөнін­дегі цифрлық қызметтер жұмыс істеп тұр.

Жұмыс сапары барысында Премьер-министр өнеркәсіптік базаны дамытуға, цифрлық инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруды жүйелі жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету мен азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында индустриялық, технологиялық шешім­дерді интеграциялау қажеттігін атап өтті. 

Бизнес пен спортты өрістету бағыты

Премьер-министр О.Бектенов бизнес саласындағы кәсіпорындарды аралап, заманауи спорттық инфрақұры­лымның жұмысымен танысты.

Алдымен Үкімет басшысы «Тәп-тәтті» ЖШС-ның дайын тағам өнімдері мен жартылай фабрикаттар шығаратын зауытының өндірістік қуатымен танысты. Кәсіпорын басшысы Нұржан Сәрсенов Премьер-министрге технология­лық желі­лерді көрсетіп, қазіргі өндіріс­тік көрсеткіштер туралы баяндады. Бүгінде кондитерлік, ұн мен нан-тоқаш өнімдерін шығаратын зауыт заманауи жабдықтармен қамтылған. Жобалық қуаттылығы жылына 5 мың тоннаға дейін жетеді. Кәсіпорында 200 жұмыс орны ашылған.

Аралау барысында ШОБ-ты дамыту мен қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығы болып қала беретіні айтылды. Бүгінде елімізде аталмыш салада шама­мен 4,5 млн адам жұмыс істейді. Бұл – экономикалық белсенді халықтың жартысына жуығы.

Қазір Астанада 273 мыңнан астам ШОБ субъектісі жұмыс істейді. Бұл  былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,1% көп. Секторда 557,2 мың адам еңбек етеді. Демек, қаланың экономикалық белсенді халқының 70%-ы осы салада шоғырланған. Ал елорда экономикасындағы ШОБ үлесі респуб­лика бойынша ең жоғары көрсеткіш – 74,4%-ға жетті.

2025 жылдың 9 айында Астанадағы ШОБ субъектілері 14,9 трлн теңгенің өнімі мен қызметін ұсынып, 21,9% өсім көр­сетті. Кәсіпкерлерді қолдауға жергілікті бюджеттен 12,8 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде пайыздық мөлшерлемені төмендету аясында 3 мыңнан астам жоба субсидияланып, 49 кредитке кепілдік, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне 24 грант берілді. Бұдан бөлек, «Астана бизнес» жергілікті несиелендіру бағдар­ламасы арқылы 3,6 млрд теңгеге 254 жоба мақұлданған.

Премьер-министр елорданың орталық саябағында салынған жаңа шаңғы базасына да арнайы барды. Қала әкімінің орынбасары Ерік Мейірханның айтуынша, нысан құрылысы былтыр сәуірде басталып, биыл қаңтар айында аяқталған. Жалпы ауданы шамамен 2 мың шаршы метр болатын екі қабатты ғимарат бір ауысымда 300 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда 30 жаңа жұмыс орны ашылған.

Базаның инфрақұрылымында заманауи, кең жаттығу залы бар. Ол күш­тік қондырғылармен, маманданды­рылған жабдықтармен, соның ішін­де «Ercolina» тренажерімен жарақ­танды­рылған. Сон­дай-ақ төзімділікті арттыруға арнал­ған инновациялық жабдық – «Skate Treadmill RL3500E» кәсіби тренажеріне ерекше назар аударылды. Бұл жабдық жыл бойы техниканы шынықтыруға, коньки­мен сырғанау техникасын ими­тациялауға, жылдамдық пен көлбеу бұрышты меңгеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар шаңғы базасында шаңғылар мен спорттық жабдықтарды дайындау, сақтау мен кептіруге арналған үй-жайлар қарастырылған.

Олжас Бектенов заманауи спорттық инфрақұрылымды дамыту елдің олим­пиадалық әлеуетін нығайту міндеттерімен тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы бұқаралық спорт­ты дамытуға, салауатты ұрпақты тәр­бие­­леуге, жалпы ұлт денсаулығын нығай­туға ерекше назар аударады. Зама­науи спорт инфрақұрылымы мен қол­же­тімді әрі сапалы база қалыптас­тыр­май, бұған қол жеткізу мүмкін емес. Мұндай нысандардың құ­ры­лысы спорт­шыларды жүйелі даяр­­­лау мен жастарымыздың әлеуетін ашу­ға негіз болмақ. Қазір Италияда Олим­­­­­пиа­да ойындары өтіп жатыр. Біз спорт­шыларымыздың жеңіске жетуіне жағдай жасаудың қаншалықты маңызды екенін көріп отырмыз. Сондықтан мемлекет біздің спортшыларымызға ең жоғары дең­гейде жаттығуға мүмкіндік беретін инфрақұрылымды дәйекті түрде дайын­дау­да. Бұқаралық спорт пен олимпиа­далық резервті қолдау – бұл ұлт ден­сау­лы­ғына, елдің халықаралық имид­жіне салын­ған инвестиция», деді Премьер-министр.

Жаңа шаңғы базасы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, олим­пиадалық резервті даярлау орталығы­ның, жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушілерін даярлайтын негізгі алаңға айналатыны айтылды.

Шаңғы жарыстарымен қатар мұнда биатлон мен спорттық бағдарлауды да дамыту көзделген. Бастапқы кезеңде 15 жаттықтырушының жетекшілігімен 180 спортшы жаттығады. Болашақта олардың санын 360 адамға дейін арттыру жоспарланған. Нысанның кәсіби спортшыларға ғана емес, шаңғы спорты­ның әуесқойларына да есігі ашық. Бұқара­лық спортқа да жағдай жаса­лады. Алдағы уақытта қала тұрғын­дары нысан­ның трассалары мен инфрақұры­лымын ыңғайлы пайдалануға мүмкіндік алады.

Сапар соңында Премьер-министр салалық министрліктер мен Астана қаласы әкімдігіне бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, олимпиада­лық резервті дайындау мақсатын­да инфра­құрылымды одан әрі дамытуды қамта­масыз ету, жастарды бұқаралық спортқа тарту бағдарламаларын кеңейту, сондай-ақ өнімділік пен экспорттық әлеуетті арттыруға баса назар аудара отырып, ШОБ-ты жүйелі қолдауды жалғастыру міндеттелді. 

Соңғы жаңалықтар

Асыл мұрамызды әлемге қалай танытамыз?

Руханият • Бүгін, 08:15

Михаил Шайдоров – Олимпиада чемпионы!

Олимпиада • Бүгін, 08:10

Өрнекпен өрілген өнер

Өнер • Бүгін, 08:05

«Ажалын жоғалтқан адамның» тұсауы кесілді

Басылым • Бүгін, 08:00

Іле Алатауы саябағында жабайы аң фототұзаққа түсіп қалды

Жануарлар • Кеше

Ұлытау облысында инвестициялық жобалар талқыланды

Инвестиция • Кеше

Жаңа Конституция – әр азаматтың құқығын мемлекеттің басты міндеті ретінде бекітетін құжат

Ата заң • Кеше

Риза Сүйіндік: Конституция – билік үшін емес, халық үшін жазылған негізгі заң

Ата заң • Кеше

Ұлытауда «Сағаттар сыры» көрмесі ашылды

Аймақтар • Кеше

Қазақстан құрамасы әртістік жүзуден Әлем кубогы кезеңін алты медальмен аяқтады

Спорт • Кеше

Қызылордада Қорқыт ата университетінің ректоры таныстырылды

Аймақтар • Кеше

Абай ауданында дін мен дәстүрді сабақтастырған орталық ашылды

Дін • Кеше

Ибраһим келісімі Қазақстанға қандай пайда береді?

Саясат • Кеше

Еліміздің өнеркәсіптік кәсіпорындары жаңа Конституция жобасын қолдады

Ата заң • Кеше

Нұрлан Имам конституциялық реформа кезеңінде қазақстандықтарды бірлік пен жауапкершілікке шақырды

Ата заң • Кеше

Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью