Еңбек адамы 2025 байқауы: кімдер жеңімпаз атанды

02.03.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Мәдени-рухани шараға қаламгерлер, инженер-ғалымдар, еңбек адамдары, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Байқау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасын қолдау мақсатында өткізілді. Жобаның мақсаты – өндіріс пен инженерлік саланың қоғамдағы мәртебесін арттыру және еңбек адамының шынайы бейнесін көркем әдебиет арқылы кеңінен насихаттау.

Салтанатты рәсімді Ұлттық инженерлік академиясының президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, академик Бақытжан Жұмағұлов пен Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов ашты.

Мереке Құлкенов өз сөзінде «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасы еңбек адамының қоғамдағы беделін көтеруге бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, байқауға ел өңірлерінен 50-ден астам шығарма келіп түскен. Роман, повесть, новелла, деректі очерк пен эссе жанрларындағы туындылар қазақ және орыс тілдерінде қабылданған. Қазылар алқасы 21 шығармадан тұратын шорт-лист жасақтап, үздіктерді анықтаған.

Қорытынды бойынша ынталандыру сыйлықтары «Шахтерлер әулеті» әңгімесі үшін Көлбай Адырбекұлына, «Мұнайлы мекен тынысы» деректі очеркі үшін Амандық Абдуловқа, «Елтірі» хикаяты үшін Жолтай Алмашевке, «Ғылымнан тапқан бақытын» деректі романы үшін Габдулсабит Юсуповке, «Су және Толағай» әңгімесі үшін Ертай Айғалиевке, «Көктеткен көктем екен танаптарды» эссесі үшін Нұрлыбек Саматұлына табысталды. Ынталандыру сыйлығы 200 000 теңгені құрады.

Үшінші орын және 1 000 000 теңге жүлде Қанат Нұрмахановқа «Қарашүңгіл – көзімнің қарасы бұл» деректі повесі үшін берілді. Екінші орын мен 2 500 000 теңге сыйақы Ғалым Қалибекұлының «Несібе» хикаятына бұйырды. Ал бірінші орын және 5 000 000 теңге жүлде Қуандық Түменбайдың «Бетпақты кезген біреу» деректі әңгімесіне табысталды.

«Еңбек адамы – 2025» республикалық байқауының бас жүлдесін «Әулет» нон-фикшн романы үшін жазушы Шархан Қазығұл иеленді. Жеңімпазға арнайы диплом, ұйымдастырушылардың төсбелгісі және 10 000 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйақы тапсырылды.

Еске сала кетейік, Олжас Бектенов еңбек адамының абырой-беделін арттыруға ерекше көңіл бөлу керек екенін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью