Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Жамбыл облысының тұрғыны зейнетке шығар алдында еңбек кітапшасында жазба болмағандықтан, төрт жылдық еңбек өтілі ескерілмегенін білді. Ер адам сотқа жүгініп, даулы кезеңді ресми түрде растап алды, деп хабарлайды Tengrinews.kz Жуалы аудандық сотына сілтеме жасап.
Сот мәліметінше, ер адам 1989 жылдан 2000 жылға дейін бірнеше ұжымшар мен кәсіпорында жұмыс істеген. Алайда оның еңбек кітапшасында 1996 жылдан 2000 жылға дейін "Жуалы-3" кәсіпорнында күзетші болып жұмыс істегені туралы жазба болмай шыққан.
Жазбаның болмауына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындайтын органдар оның еңбек өтілін анықтау кезінде осы төрт жылды есепке алудан бас тартқан.
Ер адам сотқа заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы өтінішпен жүгінді. Сот оның жұмыс істегенін өзге тәсілмен дәлелдеу мүмкін емес деген қорытындыға келіп, 1996–2000 жылдары күзетші болып жұмыс істегені туралы фактіні таныды.
Шешім заңды күшіне енді. Енді ер адам даулы кезеңді еңбек өтіліне қосу үшін бұл шешімді зейнетақы төлемдерін тағайындаумен айналысатын органдарға ұсына алады.
Еңбек кітапшасында жазба болмаса, өтілді қалай дәлелдеуге болады?Сот хабарламасында Жамбыл облысының тұрғыны нақты қандай дәлелдемелер ұсынғаны көрсетілмеген. Дегенмен еңбек кітапшасында жазбаның болмауы жұмыс істеген жылдар жоғалады дегенді білдірмейді.
Қолданыстағы ереже бойынша, еңбек өтілін бұрынғы жұмыс орнынан немесе архивтен берілген анықтамалармен, жұмысқа алу және босату туралы бұйрықтардан үзіндімен, еңбек шарттарымен, жеке шоттармен және жалақы төлеу ведомостарымен, сондай-ақ жұмыс орны мен кезеңі көрсетілген басқа да құжаттармен растауға болады. Егер мұндай құжаттарды алу мүмкін болмаса, жұмыс істеу фактісін сот анықтайды.
Архивтік анықтаманы, құжат көшірмесін немесе архивтік үзіндіні мемлекеттік архивтен, соның ішінде электрондық үкімет порталы арқылы сұратуға болады.
Бұл зейнетақы мөлшеріне әсер ете ме?Сот таныған төрт жыл 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңге жатады. Дәл осы күнге дейін жинақталған еңбек өтілі мемлекеттік бюджеттен жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу кезінде ескеріледі. Сондықтан қосымша кезеңнің қосылуы төлем мөлшеріне әсер етуі мүмкін. Алайда сот ер адамның зейнетақысы бұрын тағайындалған-тағайындалмағанын немесе қайта есептелгенін және оның қаншалықты ұлғаюы мүмкін екенін хабарлаған жоқ.
Зейнетке шығар алдында нені тексеру керек?Болашақ зейнеткерлерге еңбек кітапшасындағы жазбаларды: жұмысқа қабылданған және босатылған күндерін, ұйым атауларын, лауазымдарын, қолдар мен мөрлерді алдын ала салыстырып тексеріп алған жөн. Әсіресе 1998 жылға дейінгі жұмыс кезеңдеріне ерекше назар аудару керек.
Егер қандай да бір жазба болмаса, ұйым таратылып кетсе немесе құжаттардан қате табылса, алдын ала бұрынғы жұмыс берушіге хабарласқан немесе архивтен мәлімет сұратқан жөн. Сақталып қалған бұйрықтар, шарттар мен жалақы ведомостары да өтілді растауға көмектесе алады. Егер құжаттар сақталмаса және уәкілетті орган жұмыс кезеңін есепке алудан бас тартса, оны сот арқылы анықтауға болады.
Бұған дейін Орал тұрғыны 2023 жылы зейнетке шығып, кейін тиісті мөлшерден аз төлем алып жүргенін білгені туралы жазған болатынбыз. Бұған жұмыс беруші тарапынан зейнетақы жарналарының кешіктірілуі себеп болған. Ер адам төлемдерді басқа кезеңді ескере отырып қайта есептеуді сұраған, бірақ бас тарту жауабын алып, сотқа жүгінген.
Барлық үш сатыдағы соттар, соның ішінде Жоғарғы сот зейнеткерді қолдады. Судьялар жұмыс берушінің қателігі зейнетақы мөлшеріне әсер етпеуі тиіс екенін көрсетіп, уәкілетті органға қайта есептеу жүргізуді міндеттеді.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу