Еңбек нарығы: бос орындар көбейіп, түйіндемелер саны азайды

09.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

 Жылдың басынан бері платформада 304,3 мың бос жұмыс орны және 394,4 мың түйіндеме жарияланған.

— Ақпан айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 3,7%-ға артты, ал түйіндемелер саны 14,3%-ға қысқарды. Нәтижесінде еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтық едәуір қысқарды: қаңтар айында түйіндемелер саны бос жұмыс орындарынан шамамен 60 мыңға артық болса, ақпанда бұл көрсеткіш 26 мыңға дейін төмендеді, ал наурыз қорытындысы бойынша айырмашылық шамамен 4,5 мың түйіндемені құрады, — делінген хабарламада.

Салалық құрылым бойынша сұраныста білім беру саласы (22,6 мың бос жұмыс орны) және өзге де қызметтер көрсету бағыты (21,2 мың бос жұмыс орны) көш бастап тұр. Сонымен қатар денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында (8,7 мың), ауыл, орман және балық шаруашылығында (7,9 мың бос жұмыс орны) сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр.

Өңірлік бөлініс бойынша бос жұмыс орындарының көбі Түркістан (7,7 мың), Қарағанды облыстарында (7,6 мың), Астана қаласында (7,2 мың), Павлодар (7,2 мың) және Атырау облыстарында (6,5 мың) тіркелді.

— Біліктілік деңгейі тұрғысынан сұраныс құрылымында орта деңгейдегі білікті мамандарға деген қажеттілік басым — олардың үлесі барлық бос жұмыс орындарының шамамен 40%-ын құрайды. Біліктілігі төмен позицияларға сұраныс 31% болса, жоғары білікті мамандарға деген қажеттілік 29% деңгейінде қалыптасты, — деп хабарлады ведомстводан.

Жұмыс іздеушілердің ішінде 35 жасқа дейінгі үміткерлер үлесі басым — 42%. 35-44 жас аралығындағы азаматтар 26%-ды, 45-54 жас аралығындағылар 20%-ды, ал 55 жастан асқандар 12%-ды құрайды. Гендерлік бөліністе: 54% — әйелдер, 46% — ерлер.

Жұмыс күші ұсынысының біліктілік құрылымы жалпы алғанда сұранысқа сәйкес келеді: түйіндемелердің 42%-ы орта білікті мамандарға, 30,5%-ы жоғары білікті мамандарға және 27,5%-ы төмен білікті үміткерлерге тиесілі.

Наурыз айында ең жоғары жалақы ұсынылған бос жұмыс орындарының қатарында заң жұмысы жөніндегі бөлім басшысының орынбасары (≈1,4 млн теңге), бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторы (≈1,38 млн теңге) және өндіруші өнеркәсіптегі өндіріс басшысы (≈1,14 млн теңге) бар.

Ал жұмыс іздеушілер арасында HR бизнес-серіктесі (≈4,2 млн теңге), каротажшы (≈3,0 млн теңге) және өнеркәсіп саласындағы зертхана басшысы (≈2,5 млн теңге) лауазымдарынан жоғары жалақы күтетіні байқалды.

Бұған дейін биыл 22 мыңнан астам адам кәсіптік оқумен қамтылғанын жаздық.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью