Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Бұл ретте кәсіптік оқыту – жұмыссыздықты азайтуға ғана емес, еңбек ресурстарының сапасын арттыруға, азаматтардың экономикалық белсенділігін күшейтуге бағытталған маңызды тетік. Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы таратқан мәліметке сәйкес биыл осы бағытта нақты жұмыстар жүргізіліп, Еңбек мобильділігі орталығы арқылы 610 жұмыссыз азамат кәсіптік оқытуға жолданған.
Оның ішінде 450 азамат білім беру ұйымдарында, ал 160 адам тікелей жұмыс орындарында кәсіби даярлықтан өтуге мүмкіндік алды. Мұндай тәсілдің маңызы зор. Өйткені білім беру ұйымдарындағы оқыту азаматтарға теориялық білім мен қажетті кәсіби дағдыларды меңгеруге жағдай жасаса, жұмыс орнында оқыту өндірістік үдерістермен танысып, нақты кәсіптің қыр-сырын тәжірибе жүзінде үйренуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, оқыту мазмұны еңбек нарығының талабына сай ұйымдастырылып, азаматтардың кейін жұмысқа орналасуына жол ашуы қажет.
Кәсіптік даярлықты жұмыс берушілердің сұранысымен ұштастыру бағытында «Алем-БТ» ЖШС және Balabi Textile ЖШС кәсіпорындарымен де жұмыс жүргізілуде. Аталған кәсіпорындарда 70 азаматты «Тоқу машинасының операторы» мамандығы бойынша оқыту жоспарланған. Бұл – өндірістік кәсіпорындарға қажетті мамандар даярлауға және азаматтардың нақты кәсіп игеруіне бағытталған қадам. Әсіресе тоқыма өндірісі сияқты арнайы дағдыларды талап ететін салаларда теориялық біліммен қатар тәжірибелік машықтың болуы маңызды.
Шымкент қаласының индустриялық аймағында орналасқан «Алем-БТ» және Balabi Textile тоқыма фабрикаларында бүгінде 400-ге жуық азамат еңбек етеді. Кәсіпорындар білікті мамандарға деген сұранысты өтеу мақсатында Еңбек мобильділігі орталығымен бірлесіп, жұмыссыз азаматтарды кәсіби даярлау және тұрақты жұмыспен қамту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. «Әлем» оқу орталығының директоры Ғалымжан Кибатов Шымкент қаласының Еңбек мобильділігі орталығының басшылығына қолдау көрсетіп, өзара тиімді ынтымақтастық орнатқаны үшін ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, орталықтың көмегімен кәсіптік оқыту орталықтары ашылып, жыл сайын 50-ге жуық азаматты оқыту арқылы жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасалған.
– Жұмыссыз азаматтарды өз мекемемізде бір ай теориялық білім алып, екі ай өндірістік тәжірибеден өтетіндей етіп оқытамыз. Қала шетіндегі индустриялық аймақта орналасқан кәсіпорындарға қатынауы үшін олардың жол мәселесін де ұйымдастырамыз. Оқу барысында азаматтар үш ай бойы стипендия алады. Курсты аяқтаған соң меңгерген мамандығы бойынша сертификат беріледі. Қазір фабрикаларымызда 500-ден астам автоматтандырылған технологиялық жабдық бар. Оларды тиімді басқара алатын білікті мамандарды Еңбек мобильділігі орталығымен бірлесіп даярлап жатырмыз. Бүгінде оқу орталығында 60-қа жуық азамат білім алуда. Оқу аяқталғаннан кейін оларды тиісті жұмыс орындарына орналастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Ғалымжан Кибатов.
Осы жылдың қазан айында 47 азамат кәсіптік оқу курсын толық аяқтап, тиісті сертификаттарын алды. Ал 19 адам түрлі себептерге байланысты оқудан шығарылды. Қазіргі уақытта оқуын аяқтаған 47 азаматты жұмысқа орналастыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Тағы 4 азамат кәсіптік оқуын жалғастырып жатыр. Бұл көрсеткіштер кәсіптік оқыту жұмысының бірнеше кезеңнен тұратынын аңғартады. Азаматтарды оқуға бағыттау, қажетті дағдыларды меңгерту, оқу нәтижесін растау және алған біліктілігіне сәйкес жұмысқа орналастыру. Сондықтан оқуды аяқтаған азаматтардың еңбек нарығына сәтті бейімделуі де атқарылып жатқан жұмыстың маңызды нәтижесі болмақ.
Жалпы, кәсіптік оқытудың тиімділігі тек курстан өткен адамдардың санымен өлшенбеуі керек. Оның негізгі нәтижесі азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуы, кәсіби біліктілігін іс жүзінде қолдануы және табыс табуға мүмкіндік алуы. Осы тұрғыдан алғанда, жұмыс берушілермен бірлесіп маман даярлау, оқыту бағдарламаларын нақты өндірістік қажеттіліктерге сәйкестендіру және курсты аяқтаған азаматтарды жұмысқа орналастыру барысын бақылау ерекше маңызға ие. Бұған қоса, кәсіптік оқытуға қатысушылардың оқуын аяқтауына кедергі келтіретін себептерді талдау да қажет. Бұл азаматтардың оқуын жалғастыруына қолдау көрсетуге, оқыту бағытын дұрыс таңдауға және бағдарламалардың нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді. Ал жұмыс берушілер үшін мұндай жүйе бос жұмыс орындарына сырттан маман іздеуге кететін уақытты қысқартып, кәсіпорынның талабына сай кадр даярлауға жағдай жасайды.
Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан кәсіптік оқыту шаралары жұмыссыз азаматтардың еңбек нарығына қайта қосылуына, сұранысқа ие мамандықтарды игеруіне және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуіне бағытталған. Алдағы кезеңдегі басты міндет – оқуға жолданған азаматтардың алған білімін нақты жұмыспен ұштастырып, олардың тұрақты еңбекпен қамтылуына қол жеткізу. Өйткені әрбір азаматтың кәсіби әлеуетін іске асыруы – жеке әл-ауқатының ғана емес, қаланың экономикалық дамуының да маңызды шарты.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы