Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
— Министрлік алдағы жылдары жұмыс орындарын автоматтандыру, роботтандыру немесе генеративті жасанды интеллектіні (ЖИ) пайдалану есебінен алмастыру әлеуетіне талдау жасаған болатын. Зерттеу нәтижесінде жалпы алғанда қызметкерлердің функцияларының 29 пайызы автоматтандырылуы, ал 13 пайызы ЖИ көмегімен орындалуы мүмкін екені анықталды. Салалық тұрғыдан алғанда, қызметкерлерді ЖИ-мен алмастыру әлеуеті ең алдымен кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет көрсету саласында, сондай-ақ денсаулық сақтау саласында байқалады. Алайда, жаңа технологиялар әлі күнге дейін еңбек нарығын толықтай жойған жоқ. Бұған дейін де жаңа технологиялар (компьютерлер, арнайы өндірістік машиналар) пайда болған кезеңдерде жұмыссыз қалу қаупіне қатысты адамдар алаңдаған елі. Дегенмен, керісінше, жаңа технологиялар еңбек нарығында жаңа салалар мен мамандықтардың қалыптасуына ықпал етті, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомство ақпаратына қарағанда, осы орайда технологиялық жаңалықтар азаматтардың жұмыс орындарын емес, негізінен күнделікті қайталанатын жұмыстарды ғана алмастырады.
— Бұл тұрғыда автоматтандыру мен жасанды интеллект саласындағы біліктілік деңгейін арттыру, оның ішінде жұмыс күшінің құзыретін үздіксіз дамыту жөніндегі стратегиялық міндет енді еңбек нарығына шығатын жастарды да, жұмыс істеп тұрған жұмыс күшін де қамтуға тиіс.
Себебі, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, дамыған мемлекеттерде (Германия, Оңтүстік Корея, Жапония) жұмыс күшін тиімді пайдаланудың негізгі құралы – үздіксіз білім беру және қайта даярлау жүйесін дамыту. Бұл елдерде жұмыс орындарына мамандарды тарту тек колледж, университет түлектерін даярлаумен шектелмей, өмір бойы оқу қағидасына негізделген.
Жұмыс процестерін автоматтандыруға байланысты жаңа құзыреттерге деген қажеттілік тұрақты өз бетінше білім алу және біліктілікті арттыру үшін жағдай жасаумен, оның ішінде жұмыс берушілердің қолдауымен өтеледі, — деп аталып өткен Еңбек министрлігінің мәліметінде.
Атап айтқанда, 2025 жылдың 1 қазанында өткен «Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес отырысында» Мемлекет басшысы еңбек нарығындағы өзгерістерді алдын ала болжау және ЖИ мүмкіндіктерін пайдаланып жаңа жұмыс орындарын ашу қажеттігін, оның ішінде ЖИ негізіндегі қайта даярлау платформасын іске қосуды тапсырған болатын. Сондай-ақ, алдағы уақытта Қазақстанда жасанды интеллект жөніндегі мамандандырылған зерттеу университетін құру жоспарланғанын да атап өтті.
Одан бөлек, Жасанды интеллектті дамытудың 2024 — 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында алдағы 5 жылда 25 мыңға дейін маман даярлау және жыл сайын 1000-ға жуық оқушыны оқыту және 1000 жасанды интеллект маманын даярлау жоспарланған.
Министрлік тарапынан аталған саланы дамытуда бүгінде көптеген іс-шарала қамтылған. Атап айтатын болсақ, өз біліктіліктерін арттыра алатын «Skills.Enbek» онлайн-оқыту платформасы іске қосылған.