Еңбек қатынасындағы заңдылық пен әділдік

26.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Бас құжат алдымен 3 бап 1-тармақ ар­қылы еңбексүйгіштік ұғымын конститу­циялық деңгейде бекітеді. Онда «Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адамның және азаматтың құқық­тары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету; қо­ғамдық диалогті дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениетті қалып­тастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау», делінген. Бұл – ең­бек әлеуметтік категориядан бө­лек, мем­лекеттік идеология екенін нақ­ты­лай­ды.

Ал 27-баппен еңбек адамының құқығын қорғау тетіктері күшейеді. Ашып айтсақ, әр адам еңбек етуге, мамандығы мен жұмыс түрін еркін таңдауға құқылы дей келе, мемлекет қауіпсіз еңбек жағ­дайларын, әділ еңбекақыны, әлеуметтік қорғауды, еңбек дауларын заңды жолмен шешу мүмкіндігін қамтамасыз ететіні көрсетілген. Сондай-ақ әр азаматтың демалуға, демалыс пен мереке күндерін пайдалануға, ақылы еңбек демалысын алуға құқығы бар деп шегелеп жазылған.

– Ата заңның жаңа редакциясының өзегі – еңбек адамы, әділдік, заңдылық пен әлеуметтік жауапкершілік. Әділетті Қазақ­станның бұл қағидат­тары іс жүзінде көрініс табуы маңыз­ды. Тұрақты даму лайықты еңбексіз мүмкін емес, ал лайықты еңбек – тек жұмыспен қамту ғана емес, сонымен бірге қауіпсіздік, тең мүмкіндіктер, адамның қадір-қасиетін құрметтеу. Кәсіподақтар федерациясы жаңа Конституцияның жобасын талқы­лаған уақытта өз ұсыныстарын беріп, қолдады. Себебі ол көп жағдайда біз еңбек адамдарынан естіп отырған ой-пікірлермен сәйкес келді. Мәселен, Бас құжатта еңбек адамның жеке тәуекелі емес, лайықты өмірдің негізі ретінде мойындалады. Тағы бір маңызды тұсы – ынтымақтастық қағидаты: мемлекет, бизнес және еңбек арасындағы жауапкершілік. Тәуекелді жұмыскердің мойнына іле салу деген жоқ. Мемлекет белсенді қатысушы бола отырып, адамдардың тұрмыс жағдайына жауапкершілік алады. Жұмысшы үшін бұл, ең алдымен, ертеңге деген сенім, – дейді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.

Мұның барлығы бейнеттенген еңбегінің ақысын ала алмай жүрген азаматтардың тапталған құқығын қор­ғайды. Өйткені елімізде еңбек қатынас­тарына қатысты түйткіл әлі де бар. Ресми статистикаға сүйенсек, жыл ба­сынан бері еңбек инспекциясына 22,8 мың арыз-шағым түскен. Оның шамамен 80 пайызы қызметкерді қудалау, жалақы тө­леудегі заң бұзушылықтар мен еңбек шарт­тарын негізсіз бұзу фактілеріне қатысты.

– Еңбек инспекциясы 2,4 мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізді. Іс-шаралардың қорытындысында еңбек заңнамасын 2,8 мыңға жуық бұзушылық анықталды. Оның ішінде еңбек қатынас­тары саласында – 2 340, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 433, халық­ты жұмыспен қамту мәселелері бойынша – 26. Жалақыға қатысты берешек пен еңбек құқықтарының бұзушылықтары анықталған кәсіпорын басшыларына орындауға міндетті 1 630 нұс­қама ­­беріліп, жалпы сомасы 187,4 млн теңгеден асатын айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың қатарында жалақы берешегін өтеу­дің нақты мерзімдері мен қатаң кестесін белгілеудің нәтижесінде 859 жұмыскердің құқығы қорғалып, оларға 535,8 млн теңге төленді, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.

Заңгер Бибігүл Рамазанова Конституция­ның 27-бап 3-тармағында еңбек дауларын заңда белгіленген тәсілдер арқылы шешу құқығы бекітілгенін айта отырып, мұндай құқықтық тетік іс жүзінде тек екі тарап – жұмыс беруші мен жұмыскер өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсініп, адал орындаған кезде ғана тиімді болатынын жеткізді.

– Жауапкершілікті толық сезін­бейтін жұмыскерлер бар. Мысалы, зауыттарда, кен орындарында және басқа да өндіріс орындарында жұмыс істейтін адамдардың еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтамауына байланысты даулар жиі орын алады. Ал жұмыс берушілер кейде еңбек заңнамасында көзделген тәртіпті сақтамайды, қажетті рәсімдерді толық орындамайды немесе заңда белгіленген мерзімдерді бұзады. Мұндай жағдайлар жұмыскер құқықтарының бұзылуына алып келеді және сотта еңбек шартын заңсыз бұзу деп танылуы мүмкін. Осы орайда айта кету керек, көптеген даулар кадр бөлімдері қызметкерлерінің құқықтық білімінің жеткіліксіздігінен туындайды, – деді ол.

Спикеріміз тағы бір мәселенің басын ашып көрсетті. Заңгердің пайы-мынша, қазіргі таңда өңірлерде еңбек инспекторларының саны өте аз. Салда­рынан маманның қарауындағы істер тым көп, сәйкесінше, еңбек дауына немесе әрбір тексеруге жеткілікті уақыт бөлуіне мүмкіндік бола бермейді.

– Өндірісі дамыған қалалардың өзінде еңбек заңнамасының сақталуын бақылау­ға бірнеше ғана инспектор жауап береді. Олардың қызметіне тәжірибеде еңбек дауларымен айналысып жүрген заңгер ретінде баға беретін болсам, он балдық жүйе ­бойынша шамамен бес балл қояр едім. Яғни жұмысы орташа деңгейде деп бағалаймын. Бұл – олардың кәсіби біліктілігіне емес, жұмыс көлемінің шамадан тыс көптігіне байланысты. Сондықтан еңбек инспекторларының санын көбейтіп, еңбек жағдайларын жақсартып, материал­дық қамтамасыз етілу деңгейін көтерген жағдайда бақылау тиімділігі де артар еді. Ал бақылау күшейген жерде жұмыс беру­шілер де еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға мүдделі болады, – деді Б.Рамазанова.

Осы мәселеге тұздық ретінде айта кет­сек, министр Асқарбек Ертаев өз сөзін­де өндірістік жарақаттануды жасыру әлі де барын мәлімдеген болатын. Биыл­дың өзінде жұмыс берушілердің өндіріс­тік жарақатты жасыруы туралы 40-қа жуық дерек тіркелген. Аймақтар ара­сында жасырылған жарақаттанудың ең көбі Атырау облысында – 10, Астана қаласында – 7, Ақмола облысында 6 жағдай анықталған. Бұл еңбек қауіпсіздігі талап­тарының сақталуын бақылауды күшейту қажеттігін көрсетеді.

Еске салсақ, елімізде 9,4 млн адам жұмыс­пен қамтылған. Оның 7,3 млн-ы – жалдамалы жұмыскер. Бұл еңбек қатына­сындағы кез келген мәселе миллиондаған азаматтың әлеуметтік жағдайына, тұрмыс сапасына және әл-ауқатына тікелей әсер ететінін көрсетеді. Сондықтан сапалы жұмыс орны, лайықты еңбек жағдайы ұлт болашағының маңызды индикаторы.

Айта кеткен жөн, Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында «Қауіпсіз еңбек жағдайларын жетіл­діру және жұмыскерлердің еңбек құқық­тарын қорғау мәселелері туралы» заңға қол қойды. Құжат аясында еңбек заңна­масындағы нормалар жаңарады.

– Бұрын заңнамада «жалғызбасты ана» деген ұғым көбірек қолданылатын болса, кейіннен бұл ұғым «жалғызбасты ата-ана» деген түсінікпен алмастырылды. Меніңше, бұл өте орынды өзгеріс, яғни еңбек қатынасындағы әділдік. Себебі қазіргі қоғамда балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған тек әйелдер ғана емес, ер азаматтар да бар, – деді Б.Рамазанова.

Еліміздің Негізгі құжаты әділ қоғам әр адамның өз міндетін адал атқаруымен қалыптасатынын баса көрсетеді. Мәсе­лен, 30-баптың 4-тармағының өзінде «Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi» деп бекітілген. Демек Ата заң ересек перзенттердің масылдығына тосқауыл қояды. Бұл – ұрпақ жауапкершілігін, отбасы мен еңбек ұғымын өзара сабақтастыра адамгершілік аясында пайымдайды.

Ендеше, жаңа Конституциядағы еңбекке қатысты нормалар азамат­тардың құқықтық қорғалуын күшей­тіп, адам капиталын дамытуға, жұмыс күшінің сапасын арттыруға, Әділетті Қазақстан қағидаттарын іс жүзінде орындауға бағытталған стратегиялық қадам ретінде бағалануға тиіс.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью