Еңбек заңындағы елеулі өзгеріс

21.02.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Еңбек шартының әділ рәсімделуі, жалақының теңдігі, өндірістегі қауіпсіздік пен объективті тергеу – бәрі де нақты өмірдің сұранысы. Жұмыскерді әлеуметтік кепілдіктен айыратын айла-тәсілдерге тосқауыл қойылса, бұл – тек құқықтық жетістік емес, моральдық жеңіс. Бала күтімімен отырған әке құқығының танылуы да отбасындағы жауапкершіліктің жаңаша бағалануы болмақ. 

Жұмыскер мердігер емес

Заңның салмағы, ондағы талаптардың тегеуріні оны бұлжытпай орындау мә­дениетімен өлшенеді. Орындалмаса, ең жақ­сы заңның өзі жай ниет болып қалады. Бір анығы, еңбеккер құқығы, еңбек қадірі же­те қорғалған жерде ғана мемлекет қуатты, қо­ғам орнықты, өсім тұрақты болады.

­«Кейбір заңнамалық актілерге қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыс­кер­лердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеу­мет­тік қамсыздандыру мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын Мәжіліс түпкілікті қа­был­дады. Енді тек сенаторлардың мақұлдауы қал­ды. Содан соң құжат Мемлекет бас­шы­сы­ның қол қоюына жолданады.

Депутаттардың айтуынша, еңбек заң­на­ма­­сында жұмысшылардың құқығын то­лық­қан­ды қорғамайтын, тіпті оған тосқауыл қоя­тын олқылық көп. Осы жөнсіз­дік­тер­дің бір тобын жою үшін жаңа заңмен арнайы тү­зетулер енгізіліп отыр. Біріншіден, аза­мат­тық-құқықтық сипаттағы шарттар (договор ГПХ) проблемасы. Мәселе неде? Көптеген жұ­мыс беруші еңбекақы төлеу қорынан қар­жы үнемдеу, әлеуметтік кепілдіктерден жал­тару, әлеуметтік жарналарды МӘСҚ қорына тө­лемеу үшін штатын жабады. Қыз­мет­кер­лерін аутстаффингке шығарып, еңбек ке­лі­сім­шартының орнына олармен тек АҚС шар­тын жасасады. Қағаз жүзінде «мердігер», іс жүзінде – қатардағы қызметкер. 

Ол жұмыскер ары қарай да ішкі тәртіпке ба­ғынады, бекітілген кестемен еңбек етеді, ті­­келей басшысына есеп береді, тапсыр­ма­сын орындайды. Бірақ әлеуметтік ке­піл­дік­тер­ден жұрдай болады. Ауырса, жарамсыздық па­рағы төленбейді. Жыл сайынғы ақылы  еңбек демалысына шыға ал­май­ды. Жүктілік пен босануға байланысты де­ма­лыс құқы­ғынан айырылады. Зейнетақы жар­налары аударылмайды, медициналық сақ­тандыру­дан қағылады. Қызмет бар, бірақ ке­пілдік жоқ.

Жаңа заң жобасына сәйкес, жұмыс беру­ші мен жұмысшының қарым-қа­тынасында еңбек шартының кем дегенде бір белгісі болса, онда азаматтық-құқықтық си­паттағы шарт жасасуға тыйым салынбақ. Он­даған мың адам толыққанды әлеуметтік ке­пілдіктерге ие болуға тиіс. АҚС шарты әдет­те уақытша жұмысты орындайтын ма­ман­дармен ғана бекітіледі. Жұмыскер бір жұ­мыс берушіге тұрақты әрі ұзақ уақыт іс­те­се, Еңбекмині жұмыс берушіден оны шта­ты­на алуы керектігін ескертеді. Бірақ жаңа заң­­да айыппұл не басқа жаза қарас­ты­рыл­мапты. Яғни, компания бұл талапты орын­да­ма­са, жазаға тартылмайды. 

– Біз мониторинг жүргіземіз. Еңбек шар­тының белгілері табылса, ол еңбек шар­ты ретінде рәсімделуге тиіс. Алайда одан бас тарт­са, мемлекеттік инспекторлардың әкім­ші­лік ықпал ету тетіктері жоқ. Бұл бағыттағы жұ­мыс тек жұмыс берушімен өзара әрекет ая­сында жүзеге асырылады. Яғни, кеңес-кон­сультация өткізу, түсіндіру хаттарын жол­дау, ескерту жасау қарастырылған. Бірақ айып­пұл салу көзделмеген, – деді Еңбек жә­не халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.

Заң жобасы реттейтін екінші мәселе – бір­дей лауазымдағы қызметкерлердің ең­бе­к- ақысындағы алшақтық. Бір кәсіпорында бір­дей функция атқаратын, біліктілігі бірдей та­лапқа сай келетін мамандардың жалақысы ара­сында бірнеше есе айырмашылықтың ор­науы – әділеттің таразысын теңселтетін жайт. Әсіресе, шетелдік және жергілікті ма­ман­дар арасындағы еңбекақы айырмасы қо­ғамда көңілтолмастық туғызады. Сон­дық­тан ұжымдық шартқа бір лауазым аясында ең жоғары және ең төменгі жалақының айыр­машылығын міндетті түрде белгілеу ту­ралы норма ұсынылды. Әділет – ұран емес, өлшем болуға тиіс.

Жазатайым оқиға: тергеу кімнің қолында?

Түзетулердің үшінші бөлігі еңбек дау­лары кезінде жұмыскердің мүддесін қор­ғау мәселесін пысықтайды. Өндірістегі жа­затайым оқиға – жай ғана статистика емес, адам тағдыры. Қазір өндірісте жаза­тайым оқиға болса, оны тергейтін комис­сия­ны жұмыс берушінің өзі құрады, өзі бас­қарады. «Өзім тергедім, өзім төрелігін айт­тым» деген қағида әділдікке күмән ұялат­пай қоймайды. Көп жағдайда тергеу субъек­тив­ті өтіп, жұмысшы немесе оның отбасы әділ­дік таппайды, әлеуметтік кернеу туы­н­дай­д­ы, билік органдарына сенімсіздік пайда бо­лады. Жаңа түзетулерге сәйкес, тергеу про­цесін объективті ету үшін комиссия құ­ра­мына тәуелсіз тараптарды – медиаторды, сон­дай-ақ зардап шеккен адамның туысын не­месе адвокатын енгізу мүмкіндігі қара­с­тыры­лады. Сонда қарапайым жұмыскердің дауысы ескерілер деген үміт бар. Тергеу ашық әрі көпжақты болған жағдайда ғана се­нім орнығады.

Төртінші бағыт – өндірістік жарақаттың дәрежесін анықтау мәселесі. Мысалы, жұ­мыс­шы жарақат алды делік. Оның қан­ша­лық­ты ауыр екенін дәрігерлер қалай анық­тай­­ды? Заң жобасын әзірлеушілердің тү­­сін­діруінше, дәрігерлер сонау 1994 жылғы, яғ­ни ескірген әдістемелік ұсынымдарды пай­даланады екен. Онысы заң да, норма­тив­тік құжат та емес. Проблема нақты, бірыңғай стан­дарттың жоқтығында. 

Мысалы, бір жарақатты бір қалада дәрі­гер «ауыр» десе, екінші қаладағы ақ халатты оны «жеңіл» деп бағалай салуы әбден мүм­кін. Бұл ретте жарақат алған жұмысшының ала­­тын өтемақысының мөлшері дәл осы ме­­дициналық қорытындыға тікелей бай­ла­ныс­ты. Шешу жолдары қандай? Денсаулық сақ­тау министрлігіне өндірістік жарақаттың дә­режесін анықтайтын нақты, бірыңғай қа­ғидаларды бекіту құзыреті берілмек. Бұл – Франция, Канада сияқты осы істі әлдеқашан стан­дартқа келтірілген елдердің үлгісі. Со­ның нәтижесінде дау-дамай азайып, әрбір жұ­­­мысшының жарақатына сай әділ өтемақы алуына мүмкіндік туады. 

Бесінші мәселе – бар кінәні жұмысшыға жабу проблемасы. Ашығын айту керек, Қа­зақ­станда бір төтенше оқиға бола қалса, ко­миссия көбіне кінәні жұмысшыға аудара салу­ға тырысады. Қауіпсіздік техникасын сақ­тамады деп кінәнің 50-ден 70%-ға дейін­гісін жұмысшының өзіне артады. Сал­да­ры­нан еңбеккер денсаулығынан да, тиесілі өте­мақысынан да қағылады. Сондықтан Мә­жіліс қызметкердің өрескел абайсыздығы анық­талғанның өзінде оның жауапкершілігін 25%-дан асырмауды ұсынды. Бірақ ол арақ­қа, есірткіге, басқасына мас болса, жүз пайыз айып­ты деп танылмақ. Бұл қорғау те­ті­гі оған тарал­майды. 

Заң жобасында әлеуметтік сипаттағы өз­ге де маңызды нормалар бар. Со­ның бірі – әкелердің құқықтарын кеңейту. Қа­зіргі жүйеде жұмыссыз ананың 3 жасқа дейін­гі бала күтімімен үйде отырған кезеңі ең­бек өтіліне есептеледі. Әкелерге мұндай құ­қық берілмеген еді. Енді бұл теңсіздік жойылып, бала кү­ті­мімен отырған әкенің де атал­ған кезеңі еңбек өті­ліне қосылмақ. Бұл – әлеуметтік әді­лет­тілік қағидатын нығайтып қана қоймай, от­басындағы ата-аналық жауапкершіліктің тең­дігін орнықтыруға бағытталған қадам.

Қауіпсіздіктің «қолшоқпары» – тексеріс

Жаңа түзетулердің аясында жұмыс беру­ші мен жұмыскер арасында ең­бек дауы туындаған жағдайда жанжалды рет­теу үшін араға делдал тарту мәселесі де нақ­тыланды. Әйткенмен, делдал бола ала­тын тұлғалар кімдер және оларға қандай та­­­лаптар қойылады? Еңбек министрі А.Ер­таевтың айтуынша, жеке еңбек дауын қарау ке­зінде келісім комиссиясының жұмысына дел­далды тарту бойынша заңның 159-бабына де­путаттардың ұсынған түзетуі Үкіметтен қол­дау тапты. 

– Делдалдарға талаптар қойылады. Бі­рін­шіден, ол қызметкер мен жұмыс берушіге қа­тысы жоқ, тәуелсіз жеке немесе заңды тұл­ға болады. Жеке тұлғалар – заңгер, ме­диа­тор. Заңды тұлғалар – медиация орта­лық­тары, заң фирмалары, консультациялық ком­паниялар. Екіншіден, жұмыс беруші мен қыз­меткер арасындағы дауға делдалды тарту үшін екеуінің де жазбаша келісімі болуға тиіс. Келісімі болмаса, онда делдалды тар­ту­ға болмайды. Делдалға қойылар негізгі кри­терийлер – тәуелсіздік, бейтараптық, ке­лі­сімнің болуы, – деді Асқарбек Маратұлы.

Еңбекмині басшысының түсіндіруінше, ең­бекті қорғау бірнеше бағытта жүргізілмек. Біріншіден, ведомство интеграция жүргізіп жатыр. Қазақстанда өндірістік үдерісінде зиян­ды әрі қауіпті еңбек жағдайлары орнық­қан 95 мың ұйым бар, оларға министрлік тұрақ­ты мониторинг жүргізеді. Мемлекеттік инспектор белгілі бір жұмыскердің жұмыс орны зиянды жағдайға жататынын, алайда оған жеке қорғаныс құралдары берілмегенін анық­таса, электронды нұсқама шығарады. Екін­ші бағыт – жұмыскерлерді жазатайым оқи­ғалардан сақтандыру. Онымен 175 мың кә­­сіпорын қамтылуға тиіс, әзірге тек 113 мыңы өз қызметкерлерін сақтандырған. Жаңа министр барлық кәсіпорынды қамтуға уәде етті. 

Тағы бір бағыт ретінде депутаттар «күт­пе­ген тексерулерді» енгізуді ұсынды. Әйт­пе­се, қорғаныш құралдарын жұмысшыларға тек тексерушілер келетін күні ғана үлестіру үр­дісі жалғасады. Министр А.Ертаев жос­пар­лы профилактикалық бақылау ғана жүр­гізе алатындарын жеткізді. Жыл сайын осын­дай небары 600 тексеріс жүргізуді жос­пар­лауына рұқсат екен. Жылдың басталғаны жаңа, алайда биылға жоспарланған 600 тек­серудің басым бөлігі орындалыпты. 

– Сондай-ақ профилактикалық іс-ша­ралар өткізілді. Осы жұмыстар барысында жұ­мыс берушілерге қандай жұмыс орын­да­рын­да тәуекелдің бар екені, қандай қыз­мет­кер жеке қорғаныс құралдарымен қам­тыл­ма­ғаны жөнінде нұсқамалар беріледі. Басқа құрал жоқ. Жалпы, Үкімет биыл еңбек қауіп­сіздігі мен еңбекті қорғауға қатысты бас­қа заң жобаларына бастамашылық етуді жос­парлап отыр. Жаңа түзетулерді міндетті түрде Парламент қарауына енгіземіз, – деп уәде берді министр.

Бірақ Мәжіліс депутаты, «AMANAT» пар­­тиясы фракциясының мүшесі Ерболат Са­тыбалды қолданыстағы тексеріс тәсіл­де­рінің тиімділігіне күмәнданады. Неге? «Се­бебі Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, тіпті тәуе­келі жоғары объектілерді жылына бір рет­тен артық тексеруге тыйым салынған. Тек­серулер мен профилактикалық бақы­лау­дың кестесі мен тізімдері жыл сайын алдын ала жарияланады. Соның салдарынан заң­бұ­зар кәсіпорындар қай кезеңде тексеріс бо­латынын нақты біліп отырады. Осы нор­ма­лар күшінде қала берсе, күтпеген тексеру­лер­ді жүзеге асыру қиын», – деді депутат.

Бірқатар елде еңбекті қорғау саласы жеке ба­­қылау режимімен қамтамасыз етіледі. Бірақ оған бізде, әсіресе алпауыт компа­ния­лар үзілді-кесілді қарсы. Үкімет болса, олар­дан аса алмады. Содан ба, тіпті мемлекет мақ­­тан тұтып, дәріптеп жүрген ірі кәсіп­орын­­ның өзінде жұмысшы құқығы аяққа тап­талып, күн сайын өміріне қауіп төнеді екен. 

Қалай болғанда да, нақты нәтижеге қол жет­кізу үшін тек заң мен стратегия ғана емес, сонымен бірге еңбек қауіпсіздігі мен ең­бек құқықтарын қорғау мәселелерін нақ­ты әрі айқын реттейтін тетіктер қажет. Жаңа заң жоба қордаланған барлық түйткілді шешіп тастамағанымен, еңбек қауіпсіздігін басқару жүйесін нығайтады, еңбек және денсаулық сақтау салалары арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіреді, тараптардың құқықтары мен міндеттерін нақтылайды.  

Айхан ШӘРІП

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью