Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Алматы облысындағы түзеу мекемелерінің аумағында бір жылда 14 жаңа кәсіпорын ашылды. Жеке инвесторларды тарту арқылы мұнда шағын цехтар, ауқымды өндірістік алаңдар жұмыс істеп тұр. Сотталғандар үшін заңды, әрі ақылы еңбек етуге жағдай жасалды.
Алматы облысындағы Заречный ауылында бір аумақта бірнеше түзеу мекемесі орналасқан. Мәселен, №12 мекемеде шамамен 700 адам жазасын өтеп жатыр. Олардың 65 пайызы ресми түрде еңбекпен қамтылған.
Мұнда балалар ойын алаңдарына, саябаққа қажетті шағын сәулеттік пішіндерді өндіреді. Дайын өнімдер Қазақстанның түкпір-түкпіріне орнатылады. Өндірістік цехтар нақты тапсырыстармен және белгіленген мерзімдер бойынша жұмыс істейді. Қазіргі таңда екі өндірістік алаңда шамамен 120 сотталған азамат еңбек етуде. Алдағы уақытта үшінші өндірісті іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жұмыс орындарының санын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Владимир Федотов, кәсіпкер:
- Барлығы жалақы алады, олар бізде ресми түрде жұмысқа орналасқан. Бізде шарттық міндеттемелер бар. Сондықтан олардың барлығы «Еңбек» жүйесінде тіркелген. Олар зейнетақы жарналарын аударады, медициналық сақтандырумен қамтылған және басқа да әлеуметтік төлемдері бар.
Түзеу мекемелерінде еңбекпен қамту – жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Сотталғандар текке жатпай азды-көпті жалақы алады. Олар аптасына бес күн, таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін жұмыс істейді. Жоба Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, прокуратура, облыс әкімдігі және «Еңбек-Жауғашты» кәсіпорнының бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылуда.
Ұлан Арғынбаев, «№12 мекеме» бастығының міндетін атқарушы:
- Бұл мекемеде сегіз жеке кәсіпкер және екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді. Жұмысқа орналасқаннан кейін сотталғандар өздерінің талап-арыздарын, қарыздарын өтейді, сондай-ақ күнделікті қажетті заттарын сатып алады. Сонымен қатар бізде отбасына көмектесіп, жақындарының күнкөрісіне қажетті қаражатты үйіне жіберіп отырған сотталғандар да бар.
Дінмұхамед Балғабек, мамандандырылған прокуратурасының прокуроры:
- Цифрландыру бағытында бізде Бромарт серіктестігі онлайн платформада сотталғандарға алғашқы керек заттарды «Керек» онлайн платформа ашқан болатын. 10-мекемеде. Соның арқасында сотталғандар керек заттарын онлайн түрде тапсырыс беру мүмкіншілігіне ие қазіргі таңда.
Өңірдегі өзге де мекемелерде жаңа кәсіпорындар ашылуда. Мәселен, оныншы түзеу мекемесінде шамамен жүзге жуық сотталған әйелді жұмыспен қамтыған тігін өндірісі іске қосылды. Бірқатарында наубайхана мен онлайн тауарларды тарату қоймасы, сондай-ақ ас үй жабдықтарын өндіру жолға қойылды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ғафу Уәли, Кенже Амраев