Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Оның сөзінше, атқарушылық нотариалдық жазбаны цифрландыру жобасы азаматтардың өтініштері мен шағымдарын талдау негізінде әзірленген.
– Біз азаматтардың нотариустардың кей жағдайда судьяның рөлін атқарып кеткеніне қатысты шағымдарының көбейгенін байқадық, – деді Бекболат Молдабеков.
Ол бұған дейін борышкерге пошта арқылы хабарлама жіберілетінін, алайда азамат 10 күн ішінде қарсылық білдірмесе, оның шоты бұғатталатынын атап өтті.
– Азаматтар мекенжайын ауыстырып, басқа жаққа кетіп қалуы мүмкін, кейде хаттар уақытында жетпей жататын. Соның салдарынан көптеген шағымдар мен сот даулары туындады. Біз арнайы жеке кабинет жасадық. Қазір азаматқа SMS-хабарлама келеді. Егер қарсылығыңыз немесе төлем жасағаныңызды дәлелдейтін чек болса, оны сол жерге тіркей аласыз. Осы сервис іске қосылғалы бері Әділет министрлігіне келіп түсетін азаматтардың өтініштері 30%-ға азайды, – деді вице-министр.
Сонымен қатар ол атқарушылық іс жүргізуді цифрландыру аясында «робот сот орындаушысы» енгізілгенін жеткізді.
– Бұл – толықтай жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жүйе. Ол жеке сот орындаушысының қызметін атқарады және азаматтардың қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Бүгінде бұл жүйе халыққа 3–4 млрд теңге үнемдеуге көмектесті, – деді ол.
Спикердің айтуынша, роботтың жұмыс істеу тәртібі де жеңілдетілген.
– Мысалы, бұрын «Сергек» камерасынан немесе басқа жүйеден айыппұл келсе, оны бір ай ішінде төлеу қажет болатын. Егер осы мерзімде төленбесе, іс жеке сот орындаушысына берілетін. Олар шоттарды бұғаттап, хат жолдап, қоңырау шалатын. Енді осының барлығын робот атқарады. Бірақ басты айырмашылығы – бұрын азамат айыппұл сомасынан бөлек, жеке сот орындаушысына 25% төлеуге міндетті еді. Ал робот ескерту жасап, аптасына бір рет хабарлама жіберіп, айыппұлды қосымша шығынсыз төлеуді ұсынады. Осылайша азаматтар 25% қосымша төлемнен босатылады, – деді Бекболат Молдабеков.
Бұған дейін, мәжбүрлеп орындатуды мемлекеттік және жеке сот орындаушылар, сондай-ақ оңайлатылған іс жүргізу шеңберінде цифрлық сот орындаушылар жүзеге асыратынын жазғанбыз.