Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Алып әуе кемелерін қойып, автобус бұрылмайтын Өрнек ауылының тұсында халықаралық әуежай салынып жатыр. Бұл – ауданның ғана емес, Шығыстағы туризмнің дамуына серпін беретін үлкен жоба. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған әуежайдың іргетасы Зайсан, Катонқарағайда былтыр наурызда қалана бастады. Бүгінде Катонқарағайдағы әуежай құрылысының 52%-ы аяқталып үлгерген.
Суреттерді түсірген – автор
Алтайдың баурайындағы күн-түні демей дамылсыз жүріп жатқан құрылысқа 250 адам, жүзден астам техника жұмылдырылған. Жұмысшылардың дені – жергілікті тұрғындар. Барлап, таңдап алынған әуежай орны аудан орталығынан небәрі 25-30 шақырым жерде ғана. Күні кеше Күршім көпірінің құрылысын мерзімінен бұрын аяқтаған «ОблШығысЖол» ЖШС мердігер мекемесінің мамандары әуежай құрылысына да бел шеше кіріскен. Бір бригада ұшу-қону жолағындағы артылған топырақты шығарумен айналысса, енді бірі ғимараттардың іргетасын құйып, қабырғаларын қалап жүр. Құрылыс алаңына бас-көз болып жүрген жоба жетекшісі Нұржан Ескендіровтің айтуынша, жұмыс жоспардағыдай жүргізіліп жатыр. Туындаған ешқандай мәселе жоқ.
– Жоба ауқымды әрі жауапты болғандықтан, уақытпен санаспай еңбек етудеміз. Жұмыс жүйелі ұйымдастырылған. Ұшу-қону жолағындағы артық топырақты шығарып, перрондарды, әкімшілік ғимараттарды көтеріп үлгердік. Сонымен қатар республикалық маңызы бар күре жолды әуежай аумағын айналып өтетіндей жерге көшіреміз. Оның ұзындығы – 5 км. Ұшу-қону жолағының ұзындығы – 2 км, 260 метр, – дейді Н.Ескендіров.
Ат шаптырым аумақты алып жатқан құрылыс алаңын аралап көрдік. Ұшу-қону жолағы мен айналма жол, перрондардың астыңғы қабаты толық төселіп, асфальттауға дайын. Әкімшілік ғимараты құрамына әуежай терминалы, диспетчерлік мұнара, апаттық-құтқару бекеті, гараж, қойма, жылу қазандығы кіреді. Бұлардың да құрылысы қарқынды.
– Жолақтың айналасы теп-тегіс болуы керек. Сондықтан да артық-ауыс топырақ тонналап шығарылып жатыр. Жалпы шығарылатын топырақ көлемі 500 текше метрден асады, – дейді Н.Ескендіров.
Әлбетте, таулы жер болғандықтан, тегістеу жұмысы оңайға соқпайды. Ерсілі-қарсылы ағылған 40 тонналық жүк көліктерінің өзі тауысып бітпей жатыр. Бір қарағанда, екі шақырым жерге асфальт төсеу жеңіл болып көрінгенімен, науа іспетті алып шұңқыр қазып, оны үгілмейтін тастармен толтыру, тегістеу жұмысы барынша тиянақтылықты, қажыр-қайратты талап етеді. Мердігер компания өкілдерінің сөзіне сенсек, құрылыс жұмысы жыл соңында аяқталады.
Халықаралық әуежай ашылған соң, ұшақтар қай бағыттарға қатынайды? Билеттердің құны қанша болады? Көптің көкейіндегі бұл сұрақтарға да жауап іздедік. Шығыс Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген мәліметке сәйкес Катонқарағай ауданында жаңа әуе айлағы жыл соңында, Зайсандағы нысан мамыр-маусым айларында іске қосылуы мүмкін. Құрылыс аяқталған соң, Астана, Алматы, Өскемен, Семей қалаларына тікелей әуе рейстері ашылады. Сондай-ақ халықаралық әуе қатынасын дамыту көзделіп отыр. Рейстердің жиілігі әуежайлар пайдалануға берілгеннен кейін нақтыланады.
Облыс аумағында жолаушылар тасымалдайтын әуе компанияларының шығынын субсидиялау мәселесі де қарастырылған. Мәселен, «Өскемен – Зайсан», «Өскемен – Катонқарағай» бағыттарында қатынайтын ұшақтардың шығынын өтеу облыс бюджеті есебінен жүргізілуі ықтимал, – деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернар Мәулетханов.
Ұшақ билетінің нақты бағасы жаңа рейстер ашылған соң белгілі болады. Дегенмен Е.Мәулетханов «Өскемен – Катонқарағай», «Өскемен – Зайсан» бағыттарындағы ұшақ билетінің құны бір адамға шамамен 15–20 мың теңгеден аспайтынын айтты.
Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің «Қазаэронавигация» РМК хабарлауынша, ұшу-қону жолағы 2 260 метр болса, болашақта ұзындығын 3000 метрге дейін жеткізуге болады екен. Сөйтіп, Bombardier Q400, ATR 42/72, CRJ200 үлгідегі ұшақтарды қабылдай алады. Ал қазіргі заманғы халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетін терминал сағатына 150 жолаушыға дейін өткізе алады. Жолаушыларға арналған барлық қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Тіпті әуежайда бизнес-лаундждер мен Duty Free дүкендерін ашуға мүмкіндік бар.
– Мүгедектігі бар адамдар мен көп қозғала алмайтын жандарға ыңғайлы, кедергісіз орта жасалады. Атап айтқанда, жолаушылар терминалының бейімделген инфрақұрылымы, санитария-тұрмыстық үй-жайлар, көру, дыбыстық навигация, ерекше жандарға арналған мамандандырылған қызмет көрсету қарастырылған, – деді «Қазаэронавигация» кәсіпорнының жетекші инженері Ләззат Тумышева.
ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, жаңа әуежайларда қажетті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін тапқан. Мәселен, бір әуежайдың қалыпты жұмыс істеуі үшін 18 мамандық бойынша 57 қызметкер қажет. Қазір қажетті мамандар «Өскемен қаласының әуежайы» АҚ базасында даярланып жатыр. Бұған қоса жергілікті тұрғындар арасынан кандидаттар іріктелген. Әуежайларды кадрмен қамтамасыз ету мақсатында былтыр «Өскемен әуежайы» АҚ, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы, Еңбек мобильділігі орталығы өкілдерінің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған.
Қолға алынған жұмыс пен жоспар жүзеге асса, Астана, Алматы, Өскемен, Семей бағыттарында тікелей әуе рейстері ашылып, шекаралық аймақтың әлеуметтік-экономикалық, туристік дамуына ықпал етері анық.
Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай,
Зайсан аудандары
Соңғы жаңалықтар
Қор нарығында доллар арзандады
Қаржы • Бүгін, 09:28
Көктемгі дала жұмысы қарқын алды
Шаруашылық • Бүгін, 09:10
Ауыл • Бүгін, 09:05
Жасанды интеллект • Бүгін, 09:00
Кәсіпкер • Бүгін, 08:58
Digital • Бүгін, 08:55
Білім • Бүгін, 08:53
Логопед таппаған ата-ана, маманға зәру мектеп
Білім • Бүгін, 08:50
Пластик қалдығы пайдаға жарады
Аймақтар • Бүгін, 08:48
Қалқанша безі түйіндерін емдеудің тың тәсілі
Медицина • Бүгін, 08:45
Аймақтар • Бүгін, 08:43
Театр • Бүгін, 08:40
Руханият • Бүгін, 08:38
Шипа іздеп шетел асудың қажеті жоқ
Медицина • Бүгін, 08:35
«Наршаның сөзі – баршаның сөзі»
Руханият • Бүгін, 08:32