Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
12 қыркүйек таңертең Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде 27 жастағы әйел 15-қабаттағы пәтер терезесінен екі жасар бала отырған арбаның үстіне құлаған. Екеуі де қаза тапты. Tengrinews.kz тілшілері оқиға орнына барып, жаңа мәліметтерді анықтады.
Қайғылы оқиға тұрғын үйдің төртінші кіреберісі маңында болған. Тұрғын үй кешеніне келгенімізде, ауладағы адамдардың әрекеті бірден көзге түсті. Кіреберістен шыққан немесе балаларымен серуендеп жүрген тұрғындар ары қарай жүру қауіпсіз бе дегендей, қайта-қайта жоғары қабаттардың терезелеріне қарап жатты.
Біз ауланы ғана емес, әйел құлаған пәтер орналасқан кіреберісті де көріп қайттық.
Қазір оқиға орны қоршалған.
Қайғылы оқиға болған үй. Фото ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Оқиға орны қоршалған. Фото ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Жалға берілетін пәтер орналасқан кіреберіс. Фото ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Қазір пәтердің есігіне мөр басылған. Көршілердің айтуынша, баспана тәуліктік жалға беріліп келген.
Қайғылы оқиға болған пәтер. Фото ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Есік мөрленген. Фото ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Көршісі сол күні пәтерде болған адамдарды бұрын-соңды көрмегенін айтты.
Көрші пәтер. Фото ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Полиция не деді?"Оқиғадан кейін полицейлер келгенде, сол пәтердегі ер адамнан жауап алып жатқанын көрдім", - дейді көршісі.
Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 104-бабы ("Абайсызда өлімге әкеп соғу") және 105-бабы ("Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге итермелеу немесе өзін-өзі өлтіруге көмектесу") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Полиция қаза тапқан 27 жастағы әйел бұл ауданда тұрмағанын нақтылады. Ол оқиға қарсаңында пәтерді тәулікке жалдаған.
Полиция оқиғаның басқа мән-жайын жария еткен жоқ.
Күзетші не айтты?Қайғылы оқиға кезінде тұрғын үй кешенінің күзетшісі Сәбит Көшекбаев ауысымда болған. Оның айтуынша, болған жайт туралы оған телефон арқылы хабарлаған.
"Сол күні маған қоңырау шалып, күзет қайда екенін сұрап, болған жағдайды айтты. Таңғы сағат 10-дар шамасында келгенімде, полиция бар екен, бәрі қоршалып қойған. Олар онда екі сағаттай болды. Содан кейін мен өз орныма қайтып келдім", - деді күзетші.
Күзет қызметкерлерінің ауладағы және ғимарат ішіндегі камераларға қолжетімділігі бар.
Тұрғын үй кешеніндегі күзет бекеті. Фото ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Оқиғадан кейін камера жазбаларын құқық қорғау органдары алып кеткен.
Бақылау камераларынан түсірілген видео. Фото ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
"Бұл өте қорқынышты. Алдымен әйел баласымен бірге секіріп кетті деп естідік. Кейін әйел баланың үстіне құлағаны анықталды. Баланың анасы оны арбадан алып, жедел түрде бір көлікпен ауруханаға кетті", - деді Сәбит Көшекбаев.
Күзет бөлмесі. Фото ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Үй тұрғындары қайғылы оқиғадан кейін аулаға шығуға сескенетін болғандарын айтады.
Үй ауласының жоғарыдан көрінісі. Фото ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Көрші кіреберістің тұрғыны Төлеугүл Маханова бұған дейін ата-аналар балаларымен терезе астынан жиі өтетінін айтты.
Төлеугүл Маханова. Фото ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
"Үнемі терезелердің астымен жүретін. Енді қорқамыз, тек соқпақ жолдармен ғана жүретін болдық. Ол пәтер тәулікке берілетін еді. Сәбиінен айырылған отбасына көңіл айтамыз", - деді ол.
Тағы бір тұрғын енді әр жолы кіреберістен шыққанда жоғары қарайлайтынын жеткізді.
Қайғылы оқиға болған тұрғын үй кешені. Фото ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
"Енді үйден шыққанда немесе кіргенде әрдайым жоғары қараймыз", - дейді әйел.
Бақылау камерасынан түсірілген видео. Фото ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Көрші үйдің тұрғыны Әсем оқиға кезінде балаларымен және күйеуімен бірге үйде болған. Оның айтуынша, ол басында не болғанын түсінбей қалған.
"Шай ішіп отырғанбыз, кенет қатты айғай мен бір нәрсе құлаған дыбысты естідік. Сөйтсек, әйел арбаның үстіне құлап кетіпті. Дауыс қатты шықты, анасының жанұшыра айғайлағаны өте қорқынышты болды", - деді ол.
Үйдің терезелері. Фото ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Оқыс шыққан қатты дыбыстан соң үй ішіндегілер түрегеліп, терезеден сыртқа қараған.
"Біз біреуді көлік қағып кеткен болар деп ойладық. Кейін жерде жатқан әйелді көрдік. Ол қас қағым сәтте баланы арбадан шығарып үлгерген сияқты. Күйеуім көмектеспек болып, әйел төртінші немесе бесінші қабаттан құлаған шығар деген оймен тез жүгіріп шықты. Ол тамырын ұстап көріп, әйел мерт болғанын түсінді", - дейді Астана тұрғыны.
Әсемнің өзі балаларымен болғандықтан үйден шықпаған. Сондай-ақ ол бұл қайғылы оқиғадан кейін балалар арбасымен қай жерде жүретініне мұқият қарайтын болғанын айтты.
Тұрғындар тағы не айтты?"Қазір далаға шыққанда әрдайым жоғары қараймын. Қорқып қалдым, үйден алысырақ жүруге тырысамын", - деді ол.
Әсемнің естуінше, қайтыс болған сәби арбада болған, ал анасы сол сәтте үлкен ұлын шығарып салып бара жатқан көрінеді.
"Ол үлкен ұлын шахматқа апарып, арбаны қалдырып кеткен сияқты. Арбаны өзімен бірге алмаған ба, солай көрінді", - деді Астана тұрғыны.
Кіреберіс маңында расында оқу орталығы бар. Tengrinews.kz тілшілері сол жерге барғанымен, орталық қызметкерлері мән-жайды айтудан және жағдайға қатысты қандай да бір пікір білдіруден бас тартты.
Ер адам балалар арбасымен серуендеп жүр. Фото ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Полиция тергеуді жалғастырып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Балалар арбасы. Фото ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Еске сала кетейік, 12 қыркүйек таңертең Астанада әйел терезеден бала жатқан арбаның үстіне құлап кеткен. Полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу