Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Фото: istockphoto.com
Қаңтар-мамыр аралығында Қазақстанда 53,6 млрд кВт·сағ электр энергиясы өндірілсе, тұтыну көлемі 53,3 млрд кВт·сағатты құрады. Осылайша елде шамамен 300 млн кВт·сағат көлемінде профицит қалыптасты.
Бұл – соңғы жылдардағы маңызды көрсеткіштердің бірі. Бұған дейін Қазақстан ішкі сұранысты толық қамтамасыз ету үшін шетелден электр энергиясын импорттауға мәжбүр болатын. Мәселен, 2025 жылы энергия тапшылығы шамамен 1,5 млрд кВт·сағатты құрап, қажетті көлемнің басым бөлігі Ресейден жеткізілген еді.
Астанада электр энергиясының тарифі қымбаттауы мүмкін
Мамандардың айтуынша, қазіргі нәтиже елдің энергетикалық жүйесінің теңгерімді дамып келе жатқанын және электр стансаларының тұрақты жұмысын көрсетеді. Бұл ішкі нарықтың электр энергиясына деген сұранысын сенімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Үкіметтің жоспарына сәйкес, 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін елдегі энергия тапшылығы мәселесі толық шешілуі тиіс. Ал 2029 жылға қарай Қазақстан тұрақты электр энергиясы профицитіне шығуды көздеп отыр.
Алматыда қоқысты электр энергиясына айналдыратын кәсіпорын бой көтереді
Бұл мақсатқа қолданыстағы электр стансаларын жаңғырту және жаңа қуат көздерін іске қосу арқылы қол жеткізілмек. Биыл дәстүрлі және жаңартылатын энергетика саласында жалпы қуаты 2,6 ГВт болатын жаңа нысандарды пайдалануға беру жоспарланған.
Атап айтқанда, төрт газ электр стансасы салынып, екі электр стансасының қуаты кеңейтіледі. Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздері бағытында 10 жаңа жоба іске қосылады. Оның ішінде төрт жел электр стансасы, бес күн электр стансасы және бір су электр стансасы бар.
Алдағы қысқа дайындық: Электр энергиясын тұтыну 18,2 ГВт-қа жетеді
Сарапшылардың пікірінше, энергетика саласындағы бұл өзгерістер елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, өңдеу өнеркәсібінің дамуына да серпін береді. Себебі жаңа өндіріс орындарының ашылуы тұрақты әрі сенімді электрмен қамтуды талап етеді. Ал қазіргі көрсеткіштер мұндай сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік бар екенін көрсетіп отыр.