Энергетикалық қауіпсіздікті еңсеретін желі

12.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Энергетика саласындағы жетекші компанияның батыс өңірлік филиалының бас инженері Бейбіт Бағытовтың айтуынша, Президенттің тапсырмасына сәйкес Атырау облысында 2023 жылғы желтоқсанда «Батыс Қазақстан энергия жүйесін Қазақстан Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру» жобасы қолға алыныпты. Жобаны іске асыруды алдағы 2027 жылғы желтоқсанда аяқтау көзделіп отыр.

«Жобаны іске асырудағы негізгі мақсат – батыс өңірдегі энергетика саласын дамыту әрі сенімділігін арттыру. Сонымен қатар өндірісті өркендетуге үлес қосып жүрген өнеркәсіп саласындағы компания­лары көп өңірлердің әлеуметтік-эко­но­­микалық дамуына ұзақмерзімді оң ықпал ету. Бұл жоба батыс аймақтағы энер­гия жүйесін бірыңғай электр энер­­гетикалық жүйесімен біріктіріп қана қоймай, ұлттық электр торабын нығай­туға, батыс өңірлерді электрмен жаб­дық­­таудың сенімділігін арттыруға, өнер­кәсіптің, шағын және орта бизнестің әрі әлеуметтік инфрақұрылымның одан әрі да­муына серпін беретін тұрақты энер­ге­тикалық негіз қалыптастыруға мүм­кіндік береді. Жобаның Атырау және Ақтөбе облыстары үшін ерекше маңызы бар. Өйткені бұл – аталған өңірлерді Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен толыққанды байланыстыруға мүмкіндік беретін алғаш­қы әрі ең ірі инфрақұрылымдық жоба. Әсіресе Атырау облысы еліміздегі негізгі өнер­кәсіптік орталықтың бірі болып отыр. Сондықтан ірі кәсіпорындар мен шағын және бизнестің тұрақты жұмысын өркендету, тұтынушыларды сапалы электр­­­мен қамтамасыз ету үшін желілік инфра­құрылымы жақсарған жоғары кер­неулі желімен қамтамасыз етуді мақсат еттік», дейді Б.Бағытов.

Бас инженердің дерегіне сүйенсек, аталған жоба Ақтөбе облысындағы Өлке ауылынан Атырау өңіріндегі Қарабатан елді мекеніне дейін 578,2 шақырымдық әуе электр желісі тартылып жатыр. Оның ішінде 238,9 шақырымы мұнайлы өңірдің, ал 339,3 шақырым көрші облысында аумағында тартылады. Стра­тегиялық маңызы зор ауқымды жобаның құны – 208 млрд теңге.

«Жоба аясында Ақтөбе облысында орналасқан 500 кВ қуаты бар «Өлке» қосалқы стансасын кеңейту көзделді. Ал Атырау облысының Мақат ауданында 500 кВ «Қарабатан» қосалқы стансасы салынады. Сонымен қатар 500 кВ «Өлке – Қарабатан» әуе электр жеткізу желісін салу көзделді. Жоба іске қосылғаннан кейін бұл нысандар батыс өңірлер мен Қазақстан энергия жүйесінің негізгі бөлігі арасында жаңа электр байланысын қалыптастырады», деді бас инженер.

Қазір жобада көзделген жұмыс кес­теге сәйкес қарқынды жүзеге асырылып жатыр. «Қарабатан» және «Өлке» қосалқы стансалары үшін негізгі жоғары вольтты жабдықтар, оның ішінде элегазды ажыратқыштар, айырғыштар, 500 кВ автотрансформаторлар мен реакторлар жеткізілді. Ал «Қарабатан» қосалқы стансасының алаңында құрылыс-монтаж жұмысы жалғасып жатыр. Көрші өңір­дегі «Өлке» қосалқы стансасында 500 кВ ашық тарату құрылғысын кеңейтуге арналған аумақты дайындау қолға алыныпты.

«Екі облыстағы Өлке ауылынан Қарабатан елді мекенінің аралығын жалғайтын 500 кВ әуе электр жеткізу желісінің бойында құрылыс жұмысы қарқынды жүргізіліп келеді. Осы кезге дейін тіректерге арналған 4 731 іргетас жеткізіліп, оның 4 156-сы орнатылды. Металдан жасалған 775 тірек орнатылатын орнына жеткізілді. Аталған тіректердің ­619-ы монтаждалды. Мұндай жұмыс бірнеше учаскеде қатар жүргізіліп жатыр. Алдағы кезеңде аталған жоба электр жеткізу желісін кезең-кезеңімен қалыптастыруға мүмкіндік береді», деп мәлімдеді Б.Бағытов.

Оның мәліметіне қарағанда, аталған жобаны іске асыру мақсатында әуе желі­сін тартуға 217 ал қосалқы станса құры­лысына 67 адам, 63 арнайы техника жұ­мысқа тартылыпты. Сондай-ақ отандық өндірістің өнімін кеңінен қолдануға басымдық беріліп отыр. Мәселен, әуе желісі үшін аралық және анкерлік тіректер Петропавл қаласында жасалған. Ал тіректерге арналған іргетастар Шымкент шаһарында дайындалған.

«Қарабатандағы қосалқы стансаның құрылыс алаңына бірнеше құрылғы жеткізілді. Оның ішінде қуаты 167 мың кВА құрайтын автотрансформатордың төрт жиынтығы бар. Мұнда 60 мың кВАР шұнттаушы реактордың жетеуі, басқарылатын 180 МВАр шұнттаушы реактордың біреуі орнатылады. Реак­тор­лар мен автотрансформаторлар – Шымкенттен жеткізілген отандық өнім­дер», дейді Б.Бағытов.

Атырау облысы 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью