Энергетикалық сусын жеткіншектерге сатылмайды

28.01.2026

Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Түркияда энергетикалық сусын тұтынуға қатысты талап қатаң. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өнімді кәмелет жасына толмағандарға сатуға тыйым салынған. Сондай-ақ сергіткіш сусынды білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде саудалауға әрі жарнамалауға шектеу қойылған.  

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Түркияда энергетикалық сусын айналымы азық-түлік кодексімен реттеледі. Құжатты жергілікті ауыл және орман шаруашылығы министрлігі бекіткен. Бұл ереже 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген. Соған сәйкес энергетикалық сусынды 18 жасқа толмаған жеткіншектерге, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және спорт нысандарында сатуға тыйым салынған.

Ережеге сәйкес өнімге шектеу қойылмаған аумақтарда тек қаптамасында денсаулыққа қатысты міндетті ескерту жазбасы болған жағдайда ғана сатуға рұқсат етіледі. Атап айтқанда, энергетикалық сусынды балаларға, жүкті және бала емізетін әйелдерге, қарттар мен денсаулығында ақауы бар адамдарға тұтынуға болмайтыны  көрсетілуге тиіс. Сондай-ақ тәуліктік мөлшері 500 миллилитрден аспауы қажет. Ең маңызды талаптың бірі – энергетикалық сусынды алкогольмен бірге ішуге  болмайтыны туралы ескертудің міндетті түрде жазылуы. Заң талаптарын сақтамаған кәсіпкерлік субъектілеріне әкімшілік айыппұл салынады, тіпті өнім саудадан алынып тасталуы мүмкін. Ал ереже қайта бұзылған жағдайда қызметін уақытша тоқтату немесе лицензиясынан айыру шаралары қолданылады.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Аймақта энергетикалық сусынды шамадан тыс тұтынуға байланысты өлім дерегі де тіркелген. Ресми дерекке сүйенсек, былтыр Измир қаласында энергетикалық сусынды алкогольмен бірге тұтынған 16 жастағы жеткіншек көз жұмды. Мамандар өнім құрамындағы кофеин мен қанттың шамадан тыс мөлшері жүрек-қан тамыр жүйесіне ауыр салмақ түсіретінін айтып, дабыл қағуда. Осыған байланысты билік бақылау шараларын күшейтіп, әсіресе жасөспірімдер арасында оның еркін таралуына жол бермеуге баса мән  беріп отыр.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью