Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Депутаттарға 2024 жылғы 12 қарашада Бакуде қол қойылған Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді қарау ұсынылады. Бұл құжат аясында Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарында жалпы қуатты 1,8 ГВт болатын үш жел және бір күн электр стансасын салу қарастырылған.
Сонымен қатар депутаттардың талқылауына 2024 жылғы 6 қарашада Бішкекте қол қойылған Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісім енгізіледі. Жаңа тетік халықаралық ұйым форматында жұмыс істейтін болады. Ол ұйымға мүше елдер мен байқаушы мемлекеттердің аумағында да, басқа елдерде де дүлей зілзалалар мен төтенше жағдайларға ден қоюдың бірлескен қағидаларын әзірлеуге, сондай-ақ құтқару бөлімшелерінің кәсіптік даярлық деңгейін арттыруға бағытталған. Механизмнің әкімшілік құрылымына Министрлер кеңесі мен Хатшылық кіреді.
Бұдан бөлек, 1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып табылатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы заң жобасы жұмысқа алынады.
М.ТӨЛЕУ