Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
АСТАНА, 25 сәуір – Sputnik. Еуропалық одақ Украинаға бөлінген қаржы жеткіліксіз болуы ықтимал болғандықтан, 2027 жылдың өзінде-ақ "ондаған миллиард еуро" көлемінде жаңа несие алуға мәжбүр болуы мүмкін. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы аты-жөні жарияланбаған дипломаттарға сілтеме жасап хабарлады, деп жазады РИА Новости.
"Еуропалық одақ Киевті қолдау үшін несие бөлуді мақұлдады, алайда бұл жеткіліксіз болуы мүмкін... Қазірдің өзінде одақ Украинаға қаржы бөлу мәселесіне 2028 жылы емес, келесі жылы қайта оралуы ықтимал деген алаңдаушылық бар... ЕО басшыларына 12 айдан кейін қайтадан ондаған миллиард еуро көлеміндегі жаңа несие мәселесін көтеруге тура келуі мүмкін", – делінген хабарламада.
The Wall Street Journal мәліметінше, ЕО бөлген несие Украинаның биылғы және келесі жылдағы негізгі бюджеттік әрі қорғаныс қажеттіліктерінің үштен екі бөлігін жабуға тиіс болған. Алайда аты аталмаған дипломаттар келесі жылға арналған қаржыландыру тапшылығы ұлғайғанын айтып, Киевке "келесі жылғы бюджеттік қажеттіліктерді жабу үшін қосымша 19 млрд еуро қажет" екенін мәлімдеген.
"Дипломаттардың айтуынша, Жапония мен Ұлыбритания сияқты Батыс елдері 2027 жылдың соңына дейін қажет деп бағаланған 45 млрд еуроны бөлу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр, бірақ әзірге ешқандай қаражат бөлінген жоқ", – деп жазады газет.
Бейсенбі күні Еуропалық Одақ елдері екі айлық кідірістен кейін Украинаға 90 миллиард еуро көлеміндегі несиені түпкілікті мақұлдады. Украина бұл несиені Ресей тарапынан қандай да бір "репарациялар" төленген жағдайда ғана қайтаруға міндетті болады.