ЕО мен Меркосур елдері еркін сауда аймағын іске қосты

01.05.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Германияда бұл құжат автокөлік өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика салаларының дамуына ықпал етеді деп есептейді.

Еуроодақ пен Меркосур блогы еркін сауда аймағын іске қосты. Жұмаға қараған түні, 1 мамырда тиісті келісім уақытша негізде күшіне енді, деп хабарлады dpa агенттігі.

Келісім сауда кедергілері мен кедендік баждарды біртіндеп алып тастау арқылы тауарлар мен қызметтер алмасуын ынталандыруды көздейді. Германияда ұзақ мерзімді перспективада жаңа режим аясында автокөлік өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика салаларын дамытуға үлкен мүмкіндік бар деп санайды.

— 1 мамырдан бастап ЕО мен Меркосур арасындағы келісімнің күшіне енуімен Оңтүстік Америкамен сауда неміс компаниялары үшін маңызды мәнге ие бола бастады. Бұған дейін ол Германияның жалпы сыртқы сауда айналымының шамамен 1%-ын ғана құраған еді, — деп мәлімдеді Германияның сауда-өнеркәсіп палаталарының федералдық бірлестігі.

Сауалнама нәтижесіне сәйкес, халықаралық нарықта жұмыс істейтін барлық компаниялардың 44%-ы бұл келісімнің елеулі салдарын күтеді, деп хабарлады dpa агенттігі.

— Бұл — күшті белгі, — деді Германия сауда-өнеркәсіп палаталары қауымдастығының сыртқы сауда бөлімінің жетекшісі Фолькер Трайер.

ЕО мен Меркосур арасындағы келісімдер Еуропарламент толық мақұлдағаннан кейін ғана толық көлемде жүзеге асырылуы мүмкін. Депутаттардың бір бөлігі құжаттың еуропалық құқыққа сәйкестігіне күмән келтіріп отыр. Себебі мұндай ауқымды келісім тек сауда мәселелерін ғана емес, инвестициялық және экологиялық нормаларды да қамтиды.

Бірқатар еуродепутаттың пікірінше, келісімді толық ратификациялау үшін Еуроодаққа мүше мемлекеттердің парламенттері де жеке келісім беруі қажет. Сондықтан Еуропарламент келісімді құқықтық сараптама жүргізу үшін Люксембургтегі Еуропалық Одақ сотына жолдады. Сараптама бірнеше айға созылуы мүмкін деп күтілуде.

Еурокомиссия Люксембург сотының шешімін күтпей, келісімде қарастырылған еркін сауда тетіктерін тезірек іске қосуды жөн көрді. Мұндай қадамға оған 2026 жылдың қаңтарында Уругвай мен Аргентина келісімді ратификациялағаннан кейін Еуропалық кеңес өкілеттік берген.

ЕО ішіндегі келісімнің басты сыншылары — Франция мен Аустрия. Олар Меркосур елдерімен жасалған келісім еуропалық экологиялық стандарттарды әлсіретіп, Латын Америкасынан келетін арзан өнімдердің кесірінен Еуропадағы ауыл шаруашылығына тиімсіз жағдай туғызады деп қауіптенеді. Экологиялық ұйымдар да бұл келісім Амазониядағы орман кесу көлемін арттыруы мүмкін екенін ескертуде.

ЕО — Меркосур келісіміне қол қою өткен жылдың желтоқсанында 2026 жылға шегерілген болатын.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью