Еріктілер әлемді өзгертеді

30.01.2026

Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Әлемде белең алған гуманитарлық дағдарысты еңсеруде Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлі зор. Оның құрамында жер жаһаннан 37 мың қызметкер жұмыс істейтін алып жүйе құрылған. 

Халықаралық қауымдастық індетпен күрес, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, босқындарға қатысты мәселелермен айналысады. Ұйымның дерегі бойынша, еріктілердің 80 пайызы – дамушы елдердің азаматтары. Алайда қозғалыс қатарына қосылу үшін іріктеуден өту қажет. Үміткердің жоғары білімі болуы шарт. Ағылшын, француз немесе испан тілін білуі қажет. Ал жасы 22 мен 25-тің аралығында болуы керек. Десе де мұнда жастар қанаты да бар. Оның қатарына 18 бен 29 аралығындағы жастар қабылданады. Ең бастысы, ерікті болу үшін ерік-жігер қажет. БҰҰ биыл волонтерлар жылы деп жариялады. 

Қызыл крест пен қызыл жарты ай халықаралық ұйымы –  ірі гуманитарлық бірлестік. 1863 жылы Швейцарияның Женева қаласында құрылған. Қазір бұл қозғалыс 18 жастан асқан 80 млн адамның басын біріктіреді. Еріктілер қақтығыс немесе табиғи апат жайлаған аймаққа көмекке жіберіледі. Африкада ішерге ас таба алмай отырған балалар үшін қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Газа секторында жараланғандарды көшіріп, Сирияда хабар-ошарсыз кеткендерді іздейді. Мәселен, Қызыл кресттің жоғалғандар тізімінде 300 мың адам бар. Ең сорақысы, кейінгі 5 жылда қақтығыстардан із-түссіз кеткендер саны 70 пайызға артты. 

Қарт құрлықта да ауқымды еріктілер жобасы жетерлік. Соның ең ірісі – Еуропалық еріктілер қызметі деп аталады. Бұл – әлеуметтік және экологиялық жобалар бойынша белсенді болғысы келетіндерге арналған алаң. Оған өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді қалайтын 5 мың адам мүше. 1998 жылы құрылған қозғалысты Еуроодақ толықтай қаржыландырады. Еріктілер ұлттық саябақтарды тазалау, қарияларға қол ұшын созып қарайласады. Сондай-ақ халықаралық кездесулер ұйымдастырып, мәдени орталықтардың жұмысына ат салысуға мүмкіндігі бар. 

Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Сандуғаш Байқуаныш  

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью