Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жаңа Конституцияны қабылдау Қазақстанның мемлекеттік дамуында жаңа кезеңнің басталғанын айқын көрсететінін айтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның сөзінше, бұл қадам тек саяси реформаларды қолдауды ғана емес, сонымен қатар елдің құқықтық, институционалдық және қоғамдық құндылықтар жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды үдерістің бастамасы болып отыр.
- Жаңа Конституцияны қабылдау жаңа, заманауи әрі серпінді мемлекеттік-саяси модельге көшкенімізді білдіреді. Дауыс беру нәтижелері біздің қоғамның президенттік реформалардың төңірегіне топтасып, тұтаса түсетінін растады.
Алайда Ата Заңды қабылдау – алғашқы кезең ғана.
Мемлекет басшысы айтқандай, алдымызда заңнамалық базаны үйлесімді ету бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Алғашқы кезеңнің өзінде жаңадан 5 конституциялық заңды және шамамен 60 кодекс пен заңды қабылдау қажет.
Одан кейін Құрылтай және Қазақстан Халық Кеңесі секілді жаңа институттарды қалыптастыру міндеті тұр.
Үшінші, ең басты міндет – жаңа конституциялық қағидаттар мен құндылықтарды қоғамдық санада орнықтыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу. Бұл дегеніміз, ең алдымен, Тәуелсіздік және Егемендік, Әділетті Қазақстан идеясы, Заң және Тәртіп қағидаттары, бірлік және ынтымақ, ұлтаралық және конфессияаралық келісім, адами капиталды дамыту, мәдениет, білім, ғылым және инновация құндылықтары, еңбекқорлық, прогресс, табиғатқа деген қамқорлық.
Осылайша, Ата Заңның қабылдануымен конституциялық, институционалдық және идеологиялық деңгейлерде жаңа қоғамдық әдептің біртұтас мағыналық негізі қалыптасады,-дейді Е. Қарин.