Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Алматыдағы Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған «Философия. Этика. Болашақ» атты халықаралық симпозиумға қатысқан Вице-президент Ерлан Қарин Қазақстанда әл-Фараби есімі мен мұрасын дәріптеуге ерекше ден қойылғанын айтты.
– Бүгінгі іс-шарамыз әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте өтіп жатыр. Қазақстанның ғылым мен техника саласындағы ең беделді мемлекеттік сыйлығы әл-Фараби атымен аталады. Елімізде ұлы ғұламаның есімін иеленген мектептер мен мекемелер де жетерлік. Әл-Фараби мұрасын дәріптеу мақсатында халықаралық ғылыми симпозиумдар, конференциялар жиі ұйымдастырылады. Монографиялар мен жинақтар үздіксіз жазылып жатады. Деректі фильмдер түсіріледі. Әлбетте, мұның бәрі әл-Фарабидің еңбектерін терең түсінуге мүмкіндік береді. Оның мол мұрасын жан-жақты насихаттауға жол ашады, – деді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, Президентіміздің арқасында соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмысқа жаңа серпін берілген.
– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған, жақын уақытта баспадан шығатын Қазақстан тарихының көптомдығында Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абай идеяларының сабақтастығы кеңінен көрініс тапты. Тіпті, оларға бөлек тараулар да арналды. Сол секілді, Президент бастамашылық еткен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасында да аталған үш ғұлама – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге, рухани бағдар болатын тұлғалар ретінде қамтылған. Бекітілген бірыңғай дизайн кодқа сәйкес, мектеп қабырғаларына әл-Фараби бастаған ойшылдардың қанатты сөздері мен суреттері көрнекі жерге орналастырылуда. Ондағы мақсат – ғұламалардың ағартушылық жолын насихаттау, ғылымға құштарлықты мектеп қабырғасынан орнықтыруға мән беру. Мұның барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім, ғылым культін дәріптеу бағытындағы бастамаларының заңды жалғасы, – деді Вице-президент.