Ерлан Қарин: Пусаннан жақсы жаңалықтар болады деп ойлаймын

24.07.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-сессиясына қатысып жатқанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның айтуынша, Қазақстан ұсынған «Маңғыстаудың жартасты мешіттері және олармен байланысты киелі орындар» номинациясының Дүниежүзілік мұралар тізіміне ену мәселесі алдағы күндері шешіледі.

Корея Республикасының Пусан қаласында өтіп жатқан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-сессиясына қатысудамыз.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, сессия жұмысы 19 шілдеде басталды. Оның ашылу рәсіміне Корея Республикасының президенті Ли Чже Мён және ЮНЕСКО-ның Бас директоры Халед әл-Анани қатысты.

29 шілдеге дейін жалғасатын жаһандық жиынға Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияға қатысушы 196 мемлекеттің 3 мыңға жуық делегаты жиналған. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері де қатысуда. Осы күндері Комитет ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуге ұсынылған 30 жаңа номинацияны қарайды. Оның қатарында Қазақстанның «Маңғыстаудың жартасты мешіттері және олармен байланысты киелі орындар» номинациясы да бар. Еске сала кетейік, бұл бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен отырысында көтерген болатын.

Сондықтан бұл жиынның біз үшін маңызы зор. Себебі, соңғы 22 жылда ЮНЕСКО-ның беделді тізіміне ұлттық номинация бойынша біздің елден бірде-бір нысан енгізілмеген еді.

Бір ай бұрын ICOMOS ұйымының халықаралық сарапшылары ұлттық номинациядағы бес нысанға (Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан Үпі) қатысты оң бағасын беріп, резолюцияның жобасына қолдау білдірген еді. Бірақ  оң шешім шығарылған жағдайда да, бес нысан ЮНЕСКО тізіміне түгелдей қосыла ма, жоқ па деген сұрақ әлі де өзекті болып тұр. Өйткені, бертінгі ғасырларға қарасты болғандықтан, Бекет ата мешітіне қатысты әлі де талқылаулар жүріп жатыр.

Дегенмен  түбі алдағы күндері бәрі айқындалады. Пусаннан жақсы жаңалықтар болады деп ойлаймын, – деп жазды ол.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью