Ерлан Қарин: Қазақ тілі кеңсе тіліне айналуы үшін ең алдымен Ата Заңымыз мемлекеттік тілде дұрыс, түсінікті жазылуға тиіс

05.02.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Мемлекеттік кеңесші,  Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасының мәтіні аударма емес екенін айтты,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Көпшіліктің талқысына ұсынылған жаңа Конституция жобасының мемлекеттік тілдегі нұсқасы бойынша жан-жақты жүйелі жұмыс жүргізілді. Осы жұмыстың нәтижесінде жаңа Конституцияның мәтіні 1995 жылы қабылданған Ата Заңмен салыстырғанда сапалық, мазмұндық тұрғыдан жақсарды, ұғынықты, түсінікті, оқылымды бола түсті. Мұны әлеуметтік желіде көптеген азаматтар мойындап отыр. Бұл мәтін 1-2 аптада емес, бірнеше айға созылған күрделі жұмыстың нәтижесі. Мемлекеттік тілдегі жаңа Конституция жобасы – бұл аударма емес. Қолдарыңыздағы қазіргі жоба – о бастан мемлекеттік тілдің мүддесі тұрғысынан жазылған жоба. Яғни, ел тарихында тұңғыш рет Конституциямыз басынан аяғына дейін құқықтанушылар мен тіл мамандарының бірлесіп жұмыс істеуімен мемлекеттік тілде әзірленіп жатыр. Бұл – қазақ тілінің заң тіліне айналғанын, аясы кеңейіп, өркендегенін көрсетеді.

Осы күндері әлеуметтік желіде Сәкен Сейфуллиннің «Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды» деген сөзін жиі кездестіріп жүрміз. Дұрыс, бірақ қазақ тілі кеңсе тіліне айналуы үшін ең алдымен заңдарымыз, әсіресе, Ата Заңымыз мемлекеттік тілде дұрыс, түсінікті, ұғынықты жазылуға тиіс, – деді Ерлан Қарин.

Айта кетейік, бүгін Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның VIII отырысы өтіп жатыр.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью