Ерлан Қарин: Соңғы 8 жылда Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтініштер саны 40 есеге дейін азайды

26.05.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Бүгін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Жиында Қазақстан азаматтығына қабылдау және одан шығару мәселелері қаралды.

Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекет басшысына 305 адамды Қазақстан азаматтығына қабылдау туралы ұсыныс енгізіледі.

Сондай-ақ комиссия 43 адамның азаматтықтан бас тарту туралы өтінішін қанағаттандыруды ұсынбақ.

Жиын барысында Мемлекеттік кеңесші Қазақстан азаматтығынан шығуға ниет білдірушілер санының азаю үрдісі соңғы жылдары тұрақты түрде сақталып отырғанын атап өтті.

Мәселен, кейінгі сегіз жылда азаматтықтан бас тартуға берілген өтініштер саны шамамен 40 есе қысқарған. Атап айтқанда, 2019 жылы 1,7 мың адам азаматтықтан шықса, 2020 жылы –  944, 2021 жылы – 123, 2022 жылы – 114, 2023 жылы – 107, 2024 жылы – 77, 2025 жылы – 68, ал биыл 43 адам азаматтықтан бас тартқан.

Бұл отандастарымыздың мемлекеттің тұрақты дамуына және Президенттің әлеуметтік-экономикалық әрі саяси бағдарына сенімі жоғары екенін көрсетеді.

Мұны Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының 2026 жылғы сәуірде жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері де растап отыр. Сауалнамаға сәйкес, азаматтардың 84,4 пайызы еліміз дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп санайды.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью