Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысында сөз сөйлеген Ерлан Қошанов қатысушыларды Ұйымның 20 жылдығымен құттықтады. Ол осы уақытта Парламенттік Ассамблея ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементіне айналғанын, мүше мемлекеттер арасындағы тиімді парламенттік өзара іс-әрекетті қамтамасыз еткенін атап өтті.
Фото: Мәжілістің Баспасөз қызметіМәжіліс спикері қазіргі жаһандық саяси тұрақсыздық жағдайында парламенттік дипломатия бейбітшілік пен жалпыға ортақ өркендеу жолындағы маңызды біріктіруші тетікке айналып келе жатқанына назар аударды.
Ерлан Қошанов әріптестерін жалпыреспубликалық референдумда қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдаған жаңа Конституцияның негізгі ережелері туралы хабардар етті.
Фото: Мәжілістің Баспасөз қызметі– Президенттіктің алғашқы күндерінен бастап Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев маңызды саяси реформаларға бастамашы болды. Жаңа Конституция олардың логикалық нәтижесіне айналды. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша, Әділетті және Прогрессивті Қазақстан құру Ата заңның басты мақсаты ретінде бекітілді. Адамның мүдделеріне бағытталу принципі жаңа әрі терең мазмұнмен толықты. Адам, оның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты құндылығына айналып отыр. Конституцияда Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет теңгерімі бекітілді. Біз қос палаталы Парламенттен бір палаталы Парламентке өтеміз. Оған Құрылтай атауы берілді, оның мүшелері тек партиялық тізімдер бойынша сайланады, – деді Мәжіліс спикері.
ҰҚШҰ парламентшілері жаңа институттар – Вице-президент пен Халық кеңесі құрылғаны туралы, сондай-ақ президенттік басқару нысаны Конституцияда биліктің барлық тармақтары жұмысының үздіксіздігін, жүйелілігі мен келісімділігін қамтамасыз етудің кепілі ретінде бекітілгені туралы хабардар болды.
Фото: Мәжілістің Баспасөз қызметіАссамблея жұмысына тоқталған Мәжіліс төрағасы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын үйлестіруді жақындастыру бойынша депутаттардың жүйелі және жемісті жұмыс атқарғанына назар аударды. Ассамблея қабылдаған модельдік заңдардың ауқымы өте кең, онда ұжымдық қауіпсіздіктен бастап терроризмге, экстремизмге, заңсыз есірткі айналымына және трансұлттық қылмысқа қарсы іс-әрекетке дейін қамтылған.
Фото: Мәжілістің Баспасөз қызметіОтырыс барысында делегаттар ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің қараша айындағы сессиясының шешімдерін, ұжымдық қауіпсіздіктің сын-қатерлері мен қауіптеріне қарсы іс-әрекет жөніндегі шараларды, сондай-ақ ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасын жақындастыру және үйлестіру жөніндегі Ұжымдық қауіпсіздік туралы ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы қызметінің 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру барысын талқылады.
Еске сала кетейік, жақында Таалатбек Масадыков Қасым-Жомарт Тоқаевқа ҰҚШҰ Бас хатшысы лауазымындағы жоспарын таныстырған болатын.