Ерлігі өлшеусіз тұлғаларға тағзым

09.05.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Мемлекет басшысы атап өт­кендей, Ұлы Жеңісті ұмытпау дегеніміз – батырларымызды жады­­мыз­да сақтау, олардың ерлігі мен елге деген адалдығын ұрпақ санасына сіңіру. Бүгінгі бейбіт өмір мен тұрақтылық аға буынның жанқиярлығы мен табандылы­ғының арқасында келгенін әрдай­ым есте ұстау қажет. Майдан да­ла­сындағы ерлікпен қатар, тыл­да­ғы тынымсыз еңбек те Жеңіске өлшеусіз үлес қосты.

Оңтүстік өңірдің, оның ішінде қазіргі Түркістан облысының тұрғындары да соғыс жылдарында үлкен сыннан өтті. Майданға 140 мыңнан астам жерлестеріміз аттанып, олардың арасынан 51 адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Сонымен қатар 8 жауын­гер Даңқ орденінің толық кавалері болды. Бұл өңірден шыққан ба­тыр­лардың ерлігі ел жадында мәңгі сақталады деген сөз.

Соғыс жылдары ел эконо­ми­касы түгелдей майдан қажеттілі­гіне жұмылдырылды. Қаратаудағы кеніштерде қорғасын мен мыс өн­ді­ріліп, қорғаныс саласына жі­берілді. Леңгір шахталарында көмір өндірісі күшейтілді. Шым­кент­тегі өндіріс орындары май­дан­ға қажетті материалдармен қам­тамасыз етті. Аналар мен ба­ла­лар, қарттар егін егіп, мал ба­ғып, тынымсыз еңбек етті. Олар­дың маңдай тері мен төзімі Жең­іс­ті жақындатқан маңызды күш болды.

Қазақстандық жауынгерлер Мәскеу түбіндегі шайқастардан бастап Берлинге дейінгі ұрыстарға қатысты. Ленинград қорғанысы, Сталинград пен Курск шайқас­та­ры, Еуропаны азат ету жолындағы қиян кескі ұрыстар олардың ба­тыл­дығын айқын көрсетті. Соғыс­тан кейін де қазақстандық сарбаз­дар Қиыр Шығыстағы әскери қимылдарға қатысты. Бұл тарихи кезең ел азаматтарының ерлігі мен қайсарлығын дәлелдеді.

Бауыржан Момышұлы, Ра­қым­жан Қошқарбаев, Әлия Мол­д­а­ғұлова, Мәншүк Мәметова сын­ды батырлардың есімі халық жадында мәңгі сақталады. Олар ерліктің символына айналды.

Бүгінде Түркістан облысында Ұлы Отан соғысына қатысқан үш ардагер ғана өмір сүріп отыр. Сары­ағаш қаласының тұрғыны Эрмахон Ишохонов майданға 1942 жылы аттанып, ауыр жарақат алғанына қарамастан, елге аман оралды. Ол көптеген орден-мед­аль­мен марапатталған, бүгінде үлкен әулеттің ақсақалы.

Жетісай қаласында тұратын Петр Папков жас кезінен еңбекке араласып, соғыс жылдары бірне­ше елді азат етуге қатысқан. Ол ұзақ жылдар бойы бейбіт еңбекте қызмет етіп, құрметке бөленді.

Сайрам ауданының тұрғыны Ахмеджан Анартаев та – майдан даласында ерлік көрсеткендердің бірі. Ол Польша жерін азат етуге қатысып, соғыстан кейін елге ор­ал­ып, ұрпақ тәрбиеледі.

Бұл ардагерлердің өмір жолы бір дәуірдің тарихы. Олардың әр­қай­сысының тағдыры ерлік пен төзімнің үлгісі. Ұлы Жеңіс күні өт­кенді еске алып қана қоймай, бейбіт өмірдің қадірін терең түс­інуге үндейді. Батырлардың ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің қажыр­лы еңбегі ұрпақ санасында мәңгі сақталуға тиіс. Себебі та­рихын ұмытпаған елдің болашағы әрқа­шан нық болады.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью