Ертіс аймағындағы табысты тәжірибе

25.06.2026

Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Павлодар облысы кейінгі 30 жылда алғаш рет инженерлік инфра­құ­ры­лымның тозу деңгейінің өсуін тоқтатып қана қоймай, оны кезең-кезеңімен төмендетуге қол жеткізіп отыр. Бұл коммуналдық саланы жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде мүмкін болған. Аймақта 2025–2027 жылдары жалпы құны 131,6 млрд теңгені құрайтын 55 жобаны жүзеге асыру көзделген. Жобалар саны мен бөлінген қаржы көлемі бойынша Павлодар облысы республикадағы көшбасшы өңірлердің қатарында тұр.

Қанат Бозымбаев әуелі Екібастұз қаласында аялдап, ТМ-16 магистра­лін­дегі құрылыс жұмыстарының барысымен таныс­ты. Аталған желі 1996 жылдан бері үздіксіз пайдаланылып келеді. 30 жылға жуық уақыт ішінде желінің нақты тозу деңгейі 90 пайызға жеткен. Ресми мәліметтерге сүйенсек, осы уақытқа дейін бұл учаскеде 28 зақымдану оқиғасы тіркелсе, оның 12-сі тек гидравликалық сынақтар кезінде анықталған. Мәселені түбегейлі шешу мақсатында биыл көктемде магистралды қайта құру жұмыстары қолға алынды. Мамандардың есебінше, құбыр диаметрін ұлғайта отырып жүргізілген модернизация аталған учаскедегі ықтимал апаттық жағдайларды 0 пайызға  дейін төмендетуге тиіс. Бұл өз кезегінде технологиялық бұзушылықтарды толық жойып, қыс мезгілінде қаладағы 358 тұтынушыны (оның ішінде 100-ден астам көппәтерлі және 200-ден астам жеке тұрғын үй, сондай-ақ әлеуметтік нысандар бар) жылу энергиясымен тұрақты қамтамасыз етеді.

Ал Ақсуда 1980-жылдары салынған орталық магистралдың бірі жаңғыртылып жатыр. Мұндағы желілердің іс жүзіндегі тозуы 83 пайызға жеткен, кейінгі үш жылда бұл учаскеде 19 зақымдану оқиғасы тіркеліпті. Нысан 9 мыңнан астам тұрғынды, 28 көппәтерлі үйді және 8 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Жобаның іске асырылу көлемі шамамен 30 па­йызды құрайды.

Вице-премьер құрылыс қар­қынына қатаң бақылауды қамта­масыз етуді және жұмыстарды биыл 1 тамызға дейін аяқтауды тапсырды. Жаңғырту жұмыстары жылу шығынын 15–20 пайызға төмендетуге және қаланың бүкіл жүйесінің тиім­ділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ең маңыздысы, Павлодар қала­сын­дағы тым проблемалы әрі тозығы жеткен жылу желілерінің бірі – ТМ-20 магистралы қайта жаңғыртудан өтіп, іске қосылды. Бұған дейін пайдаланылып келген ескі жылу магистралының тозу деңгейі 90 пайызға жеткен болатын. Соның салдарынан кейінгі үш жылдың ішінде бұл учаскеде 78 технологиялық ақау мен апаттық жағдай тіркеліп, қыс мезгілінде қала тұрғындарын жылумен қамтуда қиындықтар туындап келген.  Стратегиялық нысанды қайта құру жобасының құны – 9,7 млрд  теңге. Ауқымды құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылы басталып, қазіргі уақытта толық аяқталған. Жоба аясында ЖЭО-1-ден НО-52 учаскесіне дейінгі аралықта диаметрі 1000 мм болатын 6 шақырым құбыр толық ауыстырылған. Нысан алғашқы жылыту маусымын апаттық жағдай­лар­сыз, сәтті өткерді.

Сапар барысында өңірдің жалпы көрсеткіштері қаралды. Павлодар облысы бойынша ЭКСЖ платформасында барлығы 69 жоба қалыптастырылған. Жалпы сомасы 43,9 млрд теңгеге 38 жоба іске асы­рылуға толық дайын. Қазіргі кезде 6 жоба белсенді құрылыс кезеңінде.

Ұлттық жобаның экономикасы мен тарифтік саясатын бағалай отырып, Премьер-министрдің орынбасары бүгінгі таңда тарифтердің өсуі кәсіпорындардың инвестициялық қажеттіліктерін өтемейтінін, алайда халыққа түсетін жүктеме қатаң бақылауда және негізделген болуы тиіс екенін атап өтті.

– Бұл жерде екіұшты жағдай туындап отыр: тарифтерді онша көтере алмайсың, себебі ол халық пен кәсіпорындардың төлем қабілеттілігіне негізделеді, бірақ инфрақұрылым да ескіреді. Биыл ел бойынша тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін жаңартуға шамамен 1,14 триллион теңге инвестиция бөлінеді. Бұл жыл сайын бөлінетін қаржыдан бірнеше есе көп. Біздің міндетіміз – 2029 жылға қарай рес­публика бойынша коммуналдық желілердің тозуы деңгейін 50 па­йыздан әрі төмендету, деді Қанат Бозымбаев.

Үкімет басшысының орынбасары тарифтердің өзгеруі кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауға ерекше назар аудару керектігін ескертті. Қазақстанда тұрғын үй жәрдемақылары жүйесі жұмыс істейді, ол қазір толы­ғы­мен цифрландыру форматына көшіріліп жатыр.

– Тұрмысы жақсы адамдар тарифті тиісінше толық төлеуі керек, ал табысы аз азаматтар мемлекет қорғауында болады. Егер бір отба­сының коммуналдық қыз­мет­терге жұмсайтын шығыны белгіленген шектен (орташа есеппен жалпы табысының 10%-нан) асып кетсе, одан асқан соманың бәрін әкімдік жергілікті бюджеттен тұрғын үй субсидиясы ретінде төлеп береді. Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл қызметті цифрлық форматқа көшіріп жатыр, күзге дейін ол eGov порталында қолжетімді болады. Осылайша, өтінім бойынша көмек автоматты түрде есептелетін болады, деп қоры­тын­дылады Қанат Бозымбаев.

Өңірге сапарының қорытын­ды­сы бойынша құрылыс кестелерін қатаң сақтау және облыстың бүкіл коммуналдық инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ бұл күні Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен облыс орта­­лығында «Энергетикалық және ком­муналдық секторларды жаң­ғырту» жөніндегі ұлттық жо­баның Жобалық кеңсесінің алғаш­қы көшпелі отырысы өтті. Жиын­ға барлық облыстар әкім­дерінің орынбасарлары, орталық мемле­кеттік органдардың өкілдері қатысты.

Отырыста Ұлттық жобаға енгізіл­­ген жобаларды түрлі себептер­мен мерзімінен кешіктірген Алматы, Шымкент қалаларына, Ұлытау мен Түркістан облыстарына қарата сын айтылды. Кейбір өңірлер әлі күнге конкурстық процедураларды өткізбеген.

– Өзге өңірлер Павлодар облы­­сын­­­дағы инфрақұрылымды жаңарту жөніндегі белсенді жұмыс­тар­дан үлгі алуы керек екенін тағы бір мәрте айт­қым келеді. Көш соңында қалған аймақ­тардағы келтіріліп отырған мәсе­лелердің барлығын шешуге бо­лады. Еліміздің коммуналдық са­ла­­сында мұндай кең ауқымды жұ­мыс­тар тәуелсіздіктен бері алғаш­қы рет жүзеге асып отыр. Жасалған өтінімдерді уақыт соз­бай, жедел атқаруымыз керек. Оңтүстік өңірлер мәселеге бей-жай қарап отырғаны байқалады. Кейбіріңіз резервтік қорға сеніп отырғандарыңыз анық. Апаттық, төтенше жағдай туындамаса резервтік қордан қаражат енді берілмейді. Ал Ұлттық жобаға енді өтінімдер қабылданбайды. Тура бір айдан соң Жобалық кеңсенің кезекті жиыны өтеді. Оған дейін айтылған сыннан қорытынды шығарып, барлық кемшілікті түзеңіздер, деді Үкімет басшысының орынбасары.

Павлодар облысы 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью