Ешкім байқамайды деп ойладым . Шетелдік тыйымды бұзып, Астанаға жете алмады

08.09.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Тбилиси – Астана рейсінде электронды темекі шеккен шетелдік азамат ұшақтан түсірілді. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Tengri Travel.

Не болды?

Оқиға Астана әуежайындағы әуе кемесінің бортында болған. Тәртіп бұзушы Ұлыбританияның 38 жастағы азаматы болып шықты: ол ұшу кезінде авиациялық қауіпсіздік талаптарын елемей, ұшақ дәретханасында электронды темекі шеккен.

Шетелдік азамат зиянды әдеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 50 АЕК (шамамен 216 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

Көліктегі полиция департаменті әуе кемесі бортында темекі мен құрамында никотині бар кез келген өнімді, соның ішінде электронды темекі мен вейп шегуге тыйым салынғанын ескертті.

Қанша жағдай тіркелді?

2026 жылдың басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері түрлі құқықбұзушылық үшін 254 жолаушыны рейстен түсірген.

Олардың 193-і ішімдік ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін, тағы 40-ы бортта темекі өнімдерін шегуге салынған тыйымды бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Қандай жаза қарастырылған?

Бұған дейін адвокат Абзал Қасымжанов ұшақта темекі шегудің жазасы жердегі қоғамдық орындарға қарағанда әлдеқайда қатаң екенін түсіндірген болатын. Бұл әуе кемесінің қауіптілігі жоғары аймақ екендігімен байланысты.

"Еліміздің заңы вейптерді, бір реттік электронды темекілерді және темекіні қыздыру жүйелерін кәдімгі темекімен теңестіреді. Оларды бортта қолдануға мүлдем тыйым салынған. "Бұл жай ғана бу ғой" деген уәж заң алдында өтпейді. 50 АЕК көлеміндегі айыппұлдан бөлек, құқық бұзушы рейстен түсіру сияқты басқа да салдарға тап болуы мүмкін", - деді заңгер.

Адвокаттың айтуынша, егер темекі шегуші кесірінен ұшақ қонуға мәжбүр болса, әуекомпания отын шығынын, әуежайдағы қызмет көрсету ақысын және басқа жолаушыларға өтемақы төлеуді сот арқылы өндіріп алуға құқылы.

Сонымен қатар әуе тасымалдаушысы адамды "қара тізімге" енгізіп, болашақта өз рейстерімен ұшу мүмкіндігін шектей алады.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью