Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Талдықорғанда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету қызметін атқарған Ұлттық ұланның әскери жасағы есінен танып қалған азаматқа дер кезінде алғашқы көмек көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға 2026 жылғы 15 тамыз күні сағат 19:30 шамасында болған. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5514 әскери бөлімінің әскери жасағы белгіленген бағыт бойынша қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету қызметін атқарып жүрген.
Қызмет барысында бақылау нүктелерінің арасында әскери қызметшілер турникке жаттығу жасап жатқан азаматтың абайсызда тепе-теңдігін жоғалтып, жерге құлап, есінен танып қалғанын байқайды.
Жағдайды бірден бағамдаған ұландықтар уақыт жоғалтпай азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетті. Әскери қызметшілердің шұғыл әрі үйлесімді әрекетінің нәтижесінде азаматқа қажетті көмек көрсетіліп, кейін ол жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.
Оқиға кезінде әскери жасақ бастығы ефрейтор Жарқын Құрбанғали, патрульшілер ефрейтор Нұрбек Шакарбек пен қатардағы жауынгер Али Мамедов жедел шешім қабылдап, азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Қоғамдық тәртіпті сақтау барысында әскери қызметшілер тек құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда жедел көмек көрсетуге де әрдайым дайын.
Ұлттық ұлан жауынгерлерінің бұл әрекеті – олардың қырағылығы мен жауапкершілігінің, сондай-ақ халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрдайым әзір екенінің айқын көрінісі.