Ет экспортына талап жоғары

21.02.2026

Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Арқаның сайын даласында өсірілген жылқы, ірі қара мен қой етінің экспорттық әлеуеті жоғары болғанымен, бұл мүмкіндік толық іске аспай отыр. Өңірде тонна-тонна өнім өндіруге қауқарлы шаруашылықтар жеткілікті.

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ет бар, экспорт жоқ

Алайда сыртқы нарыққа шығудың ұйымдастырушылық һәм рәсімдік тетіктері күрделі болғандықтан, фермерлердің дені етті тікелей экспорттауға құлық танытпайды. Соның салдарынан сапалы өнім делдалдардың айналымында қалып, көрші нарықтардың сұранысын бейресми арналар арқылы өтеуге мәжбүр. Ал ресми статистикаға сүйенсек, керісінше, шошқа еті Өзбекстан бағытына экспортталып жатыр.

Ауыл шаруашылығы басқар­масының дерегіне сәйкес, облыста 427 893 бас ірі қара, 687 809 қой-ешкі, 398 856 жылқы тіркелген. Мал басы өсіп, өндірістік әлеует нығайғанымен, бұл көрсет­кіш­тер сыртқы нарықтағы бел­сен­ділікпен ұштасып отырған жоқ. Мыңғырған малдың бірде-бірі шекара асқан жоқ деген дерек саладағы түйткілдің ауқымын аңғартады. Мұндай жағдайда ет экспортын жолға қоюға шаруа­лардың ынтасы мен сенімі қандай болмақ деген сауал туындайды.

Мамандардың айтуынша, Қарағанды облысынан ет экспор­тының тежелуі ішкі нарықты қор­ғау және бағаны тұрақтан­дыру мақ­сатында Үкімет енгізген уақытша экспорттық квоталарға байланысты. Бұл шектеулер осы жылдың маусым айына дейін күшінде болады.

Дегенмен өндірістік әлеует пен нарық мүмкіндігі арасындағы алшақтық өңірдің аграрлық саясатына жүйелі көзқарас қажеттігін көр­сетеді. Сарапшылардың пайы­мын­ша, бұл шаруаға негізгі тежеу – ­мал ауруларының өршуінен вете­ринарлық шектеулер, экспортқа шы­ғатын өнім сапасының стандартқа сәйкес келуіне қойылатын талап­тар­дың жоғарылығы, өнімді терең өң­деу кәсіпорындарының бол­мауы мен аймақтағы жалпы мал шаруа­шылығы өндірісінің төмендеуі.

– Бізде мал басы азайып, шаруа­шылықтар ұсақталып кеткен, мал тұ­қымын асылдандыру жұмысы, мал сою цехтары жоқ. Мал санитарлық-ветеринарлық талаптарға сай сойыл­майды, ДСҰ талаптарына сәйкес келмейді. Яғни мал өсіру, күтіп-бап­тау, бордақылау, кондицияға жет­кізілу, зооветеринарлық технологиялары мен шаруашылық тәртібі жоқ, жабайы бағымдағы мал экспортқа жарамайды. Ет өнді­рісінің төмендеуі, ет сапасының стандартқа сәйкес келмеуі, мал ша­­руашылығының шашыраңқы, ала-құла дамуы, сондай-ақ өндіріс шығындарының жоғары болуы, ауыл, аудан, облыс, республика ара­сындағы жүйелі шаруашылық қарым-қатынастың жоқтығы, олар­дың сыртқы нарықтарда бәсе­кеге қабілеттілігін төмендетеді. Мысалы, бүгінде өзім білетін орташа ет шаруашылығы 600 бастай бор­дақы малын өткізу бағасының төмендеп, сұраныстың жоқтығынан, бордақылау мен сою мерзімінің созылып кетуінен өткізе алмай отыр. Ал бұл ертең еттің сапасын төмендетуге әкеледі. Осылайша, ішкі бағаларды ұстап тұрумен әлек болып жүрген билік құрылымдарының әрекеттері салдарынан ет экспорттаушылар Қарағанды облысында экспорттың дамуына кедергі келтіретін жасанды қатаң шектеулер мен квоталармен бетпе-бет келеді, – дейді агросарапшы Ниқанбай Иманғалиұлы. 

Машақаты маза қашырады

Арқа даласында етті әрі биязы жүнді «Қарғалы» қой тұқымын отар-отар қылып өсіріп отырған «Отқан­жар» шаруа қожалығының ет экс­порттауға қауқары жетеді. Талапқа сай келетін мал соятын алаңы жұ­мыс істеп тұр, сапалы жемшөбі бар, екпесі бақылаулы, қысқасы, инфра­құ­рылымы ет экспорттауға жарап тұр. «Ішкі нарықтың өзіне ақ адал ма­лымызды пұлдап, саудалау қиынға соғып тұрғанда, шетелге ет экспорт­тауға тіпті бас қатырмаймыз, – дейді ша­руа­шылық басшысы Қанат Отарбаев.

Оның айтуынша, мал шаруашы­лы­ғын дамытудың әлеуеті бар, бірақ іс жүзінде экспорт мәселесі жолға қойыл­май отыр. Бұған нақты мысал да бар. Бір кездері Біріккен Араб Әмір­ліктерінен ет сатып алуға ниетті өкілдер келіп, шаруашылықтармен тікелей байланыс орнатуға талпыныс жасаған. Бірақ бұл бастама­лары ұзаққа бармады. Мәселе – ет экс­порт­таудың жүйелі түрде жолға қойылмауында. Карантин талаптары, ветеринарлық рәсімдер, тасымалдау мәселесі, әуе қатынасы, жемшөп базасы – бір-бірімен бай­ланысқан күрделі түйіндер. Осы мәселелердің ешқайсысы нақты ше­шімін таппағандықтан, шетелдік серіктестердің де қызығушылығы біртіндеп сөне бастаған.

Ішкі нарықта да өткізу арналары шектеулі, баға тұрақсыз, делдал көп. Мұндай жағдайда шаруаға экспорт туралы ойлаудың қажеті жоқ. Экспорт – бір шаруашылықтың немесе бір өңірдің ғана шаруасы емес. Бұл – мемлекет деңгейінде шеші­ле­тін мәселе. Егер Үкімет тарапы­нан ­нақты тетіктер ұсынылмаса, ветери­нар­лық, логистикалық, қаржылық қолдау көрсетілмесе, жеке шаруа­ның мұндай ауыр жүкті көтеруі мүм­кін емес. «Экспортқа шығу үшін алдымен ішкі нарықтағы мал өткі­зу жүйесін реттеп алу қажет. Қазір шаруалар өндірістен қашпайды, мал басын көбейтуге де дайын. Бірақ өнімді қайда, қалай өткіземіз деген сұрақтың жауабы жоқ кезде тәуе­келге бару қиын. Сондықтан ет экспор­тын дамыту туралы сөз нақты іс-ша­ралармен, инфрақұрылыммен, тұрақты сая­сатпен бекітілуі керек», дейді ауыл шаруашылығы саласының білікті ұйымдастырушысы Қанат Жариясұлы. 

Өнім сапасы – өзекті мәселе

Ет экспорты нарығындағы бәсеке аса жоғары. Бразилия, Аустралия, АҚШ, Аргентина сынды ірі экспорттаушы елдер халықаралық стандарттарды қатаң сақтап қана қоймай, логистикалық мүмкіндіктерін де барынша дамытқан. Ал ветеринарлық талаптары қатал көптеген мемлекетке Қазақстанның ет өнімдері әлі толыққанды ене алмай отыр.

Дегенмен кейінгі жылдары Қарағанды облысында экспортқа бағытталған өндіріс кәсіпорындары іске қосылып келеді. Өңірде мал сою мен қайта өңдеу жұмыстары халық­аралық талаптарға сай ұйым­дас­тырылып, сыртқы нарыққа шығудың нақты тетіктері қалыптаса бастады. Жоғарыда айта кеткеніміздей, өңірдегі «Медео» мен «Волынка» фабрикалары Өзбекстанға 3 200 шошқа экспорттаған. Сонымен қоса, облыста өндірілетін құс еті мен жұмыртқа өнімдері Қырғызстан, Армения, Ауғанстан нарықтарына тұрақты түрде жеткізіледі. Ал­дағы уақытта «Ақнар» құс фабрикасы Қытай нарығына шығуды жос­парлап отыр. Абай ауданындағы «Шанс» шаруашылығы Жапонияға жылқы етін экспорттауды көздей­ді. «Арай KZ» кәсіпорны да БАӘ-мен экс­порт­тық келісімге қол қойған. Қазір кә­сіпорында ха­лықаралық талап­тарға сай болу үшін дайындық жұмыс­тары жүргізіліп жатқан көрінеді.

Бірақ әзірге Қарағанды ет экспорттай алмайды. Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті­нің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ержан Бекетбаевтың айтуынша, Қарағанды облысына Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы (WOAH) тарапынан аусыл бойынша ресми мәртебе берілмеген. Осыған байланысты өңірден аусылға бейім жануарларды ел аумағынан тыс жерге шығаруға рұқсат жоқ. Яғни халықаралық талаптарға сәйкес, аусылға қатысты мәртебесі анықталмаған аймақтан тірі мал немесе сол ауруға бейім жануарлар еті экспортталмайды.

– Экспортқа шығатын шаруа­шылықтар қатаң талаптардан өтеді. Ең алдымен, кәсіпорын ресми экспорттаушылар тізіміне енгізілуі қажет. Бұдан бөлек, ветеринарлық және санитарлық қауіпсіздік талаптарына толық сай болуы – басты шарт. Өндіріс аума­ғының қоршалуы, арнайы сою орындарының болуы, мал мен құстың толық вакциналау­дан өтуі міндетті. Халықаралық нарыққа жол ашу үшін мал сапалы жемшөп­пен қоректенуі, ветеринарлық бақы­лау жоғары дең­гейде жүргізілуі керек. Қасапханалар мен ет өңдеу орындары әлемдік стандарттарға сай болуға тиіс. Сонда ғана шетел нарығына шығуға мүм­кіндік болады, – дейді Е.Бе­кетбаев.

Қорыта айтқанда, инфра­құ­ры­лымның тозуы, логистикалық бай­ланыстың әлсіздігі, өндіріс кө­лемінің төмендігі мен өнім сапасына қатысты мәселелер өңірдің ет экспортын дамытуға басты кедергі болып отыр. Сырт ел нарығына шығуға қабілетті кәсіпорындар саны саусақпен санарлық. Мұндай қар­қынмен ет экспорты қашан еңсе тіктейтіні белгісіз.

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қопа мектебіне қолдау көрсетілді

Мектеп • Кеше

Еліміздің кинотеатрларында жаңа Конституцияны қолдауға арналған бейнероликтер көрсетілді

Ата заң • Кеше

Михаил Шайдоров Олимпиадада өнер көрсеткен костюмін мұражайға тапсырды

Олимпиада • Кеше

Шахматтан республикалық чемпионат өтіп жатыр

Шахмат • Кеше

«Қазақфильм» киностудиясына 2,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынды

Оқиға • Кеше

Астанада матч кезінде Конституциялық реформаларды қолдауға арналған ерекше акция өтті

Ата заң • Кеше

Семейде құқықтың quiz зияткерлік ойыны өтті

Аймақтар • Кеше

Жалын Тілеуберген: Конституциялық құндылықтар ұлттық болмысты сақтап, әділетте қоғам құруға жол ашады

Ата заң • Кеше

Футболдан Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері тағайындалды

Футбол • Кеше

Жүкті әйелдің өліміне байланысты Жамбыл облысындағы перзентханада тексеріс басталды

Оқиға • Кеше

Астанада жүк көлігі өртке оранды

Оқиға • Кеше

119 млн теңге жымқырған: Атырауда жекеменшік мектеп директорына үкім шықты

Аймақтар • Кеше

Еліміздегі ең ірі ЖОО оқытушылары мен студенттері референдумді қолдады

Референдум • Кеше

Жаңбыр мен қар, боран: Ертең елімізде ауа райы қандай болады?

Ауа райы • Кеше

Жаңа Конституция – елдің экологиялық қауіпсіздігінің берік тірегі

Қоғам • Кеше

Барлық жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью