Ет жейсіңдер ме? : Қожада Жұмағұлдың немересін ойнаған бала бүгін Дубайда тұрады

17.02.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

«Жасай берсін, Жұмағұл» деген реплика есіңізде шығар. Оны Сұлтан айтады. Сол сөз кішкентай Дәулетке қарата айтылған. Бүгінгі әңгіме осы Дәулет жайлы.

Фильмде ол – шопанның баласы. Таза, аңғал, ойынға беріліп кететін бала. Экранда аз көрінсе де, есте қалатын бейне. Оның табиғилығы қолдан жасалған актерлік тәсілден емес, шынайы балалық мінезден туғандай әсер береді. Дәулетті ойнаған – Юсуп Шамузов (барлық  жерде Юсуф деп жазылса да, өзі әлеуметтік желіде Юсуп деп жазыпты). 

Төрт-бес жастағы бала киноға дайындықпен емес, таза кездейсоқтықпен келді. Режиссер Абдолла Қарсақбаев лайықты бала таба алмай жүргенде, көршілерінің бірі Юсупты көрсетеді. Тағы бір естелікте оның картина директорының ауласындағы балалармен бірге сирек көрінетін ашық «бобикке» (машинаға) мінген сәтінде көзге түскені айтылады. Қалай болғанда да, шешім тез қабылданады: түрі сәйкес, өзі пысық. Фотосынақтан өтеді. Көпбалалы отбасының кенжесі үшін бұл күтпеген мүмкіндік еді.

Алайда түсірілім алаңында оны бағындыру оңай болмаған. Бір көріністе бөшкеден су әкелуі керек болса, жолай көбелек қуып кетеді, кейде суды төгіп алып ойнап қалады. Камера дайын, жарық қойылған, ал бала рөльді ұмытып, айналаға алаңдайды. Жайлаудағы түсірілімде бүкіл топ оның көбелекті ұстап келгенін күтіп тұратын сәттер болған. Тіпті, арнайы тәрбиеші бекітіледі. Киіз үй ішінде «бұрышқа тұрғызу» мүмкін болмаған соң, есікті ашып, сырттағы бұрышты пайдаланғаны да айтылады. Экрандағы Дәулет қандай еркін болса, өмірдегі Юсуп та дәл сондай болатын. Бірақ осы еркін мінез оны мүлде басқа жолға бастады.

Фильм шыққаннан кейін Юсупты киноға қайта шақырғандар болды. Танымал бала кейіпкерді экранға тағы шығарғысы келгендер аз емес еді. Бірақ ол бұл жолды жалғастырмады. Нақты себеп айтылмаса да, бір дерек бойынша жасөспірім шағында бой жағынан қатарластарынан аласа болғаны намысына тиген. Сондықтан өз жасындағы бала емес, кішкентай балаларды ойнауды ұсыныс тастағаны ұнатпаған тәрізді.

Бала күнінен дәрігер болуды мақсат еткен. Кейін Ленинград медициналық институтын тәмамдап, медицинаға біржола бет бұрды.

Өмірбаянын қарап отырсақ, жас кезінде боксқа да жақын болды. Сонымен қатар дәрігерлік те арманы болған деседі.  Кейін Ленинград медициналық институтын тәмамдап, кәсіби бағытын спорт медицинасына арнады. Алдымен республикалық «Динамо» кеңесінің дәрігерлік-физкультуралық диспансерінде еңбек етті. 1983 жылдан бастап Қазақстан бокс құрамасының дәрігері қызметін атқарды.

Бокстан ұлттық құрама. Ортада Василий Жиров пен Болат Жұмаділов тұр.
Юсуп Шамузов сол жақтан бірінші отыр.

Оның бақылауында елге танымал спортшылар болды: Серік Қонақбаев, Василий Жиров, Виктор Демьяненко, Ермахан Ибраимов. Ұзақ жылдар ұлттық құрамамен бірге халықаралық жарыстарға қатысты. Олимпиада, әлем чемпионаттары, Азия додалары – бәрінде оның міндеті бір болды: спортшының денсаулығын сақтау.

2000 жылы Сидней Олимпиадасы кезінде ұлттық құраманың дәрігері болды. Сол Олимпиадада Ермахан Ибраимов пен Бекзат Саттарханов чемпион атанды. Дайындық, қалпына келу, жарыс алдындағы медициналық бақылау – осының бәрі оның тікелей жауапкершілігінде болды. Бұл жайлы Ермаханның өзі де айтқан естеліктері бар.

Кейін шетелге қоныс аударды. Қазір Дубай қаласында тұруы керек. Біріккен Араб Әмірліктерінде дәрігер әрі бапкер болып еңбек етеді. Бұл ақпарат ашық дереккөздерде жарияланған. Сондай-ақ «Дәулеттің» әлеуметтік желідегі парақшасында да көрсетілген. Десе де, соңғы жылдардағы өмірі жайлы ашық дереккөздерден кеңірек мәлімет табылмағанын атап өтуіміз керек.

Кино тарихында көбіне басты рөльдегілер есте қалады. Бірақ кейде екінші не үшінші пландағы кейіпкердің өзі соншалықты шынайы шығады, көрермен оны да ұмытпайды. Дәулеттің образы – сондай бейне. Жалпы қарасақ, экрандағы кейіпкер уақытпен бірге өзгермейді. Ол сол қалпында сақталады. Ал адам өзгереді, өседі, басқа жолға түседі. Осы оқиға – экрандағы бейне мен өмірдегі шындықтың айырмасын көрсететін қарапайым мысал.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью