Этномедиация іс жүзінде: Астанада дауды сотсыз шешу тәсілдері көрсетілді

15.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Семинар бағдарламасына дәрістер, интерактивті тренингтер, практикалық кейстерді талдау және кәсіби тәжірибе алмасу шаралары енгізілген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай семинар-тренингтер дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді.

15-16 сәуір күндері Медиация орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан семинар-тренингке жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, білім беру және денсаулық сақтау басқармаларының мамандары, қоғамдық пікір көшбасшылары («Аналар кеңесі»), сондай-ақ елорданың қоғамдық және кәсіби медиаторлары қатысып жатыр. 

Іс-шараның модераторы Астана қаласы ҚХА Медиация кеңесінің төрағасы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, кәсіби медиатор Сымбат Шакиров болды. Ол семинар барысында диалог мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізілгенін атап өтті.

Семинар-тренинг аясында жетекші сарапшылар мен тәжірибелі мамандар сөз сөйледі. Саяси ғылымдар докторы Ұлбосын Жанатаева тиімді коммуникация және келіссөздер жүргізу құралдары тақырыбын қозғады. Кәсіби медиатор Марлен Омаров психологиялық әдістер мен цифрлық құралдарды қолдануға негізделген медиацияның тәжірибеге бағытталған тәсілдерін ұсынды.

Ал PhD, тренер-медиатор Бахыт Түсіпбекова медиацияның ведомствоаралық өзара іс-қимыл құралы ретіндегі мүмкіндіктерін таныстырып, мектеп медиациясының маңыздылығына тоқталды.

Фото: Астана әкімдігі

Сондай-ақ 16 сәуір күні аталған іс-шара барысында Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Луиза Узарова этномедиацияның негізгі қағидаттары туралы баяндама жасайды деп жоспарланған.

Семинар-тренинг спикері, ҚХА республикалық медиация кеңесінің төрағасы, халықаралық деңгейдегі кәсіби жаттықтырушы-медиатор Шерзод Пулатов мұндай іс-шаралар әртүрлі этностар арасында түсініспеушіліктер немесе даулар туындаған жағдайда нақты алгоритмдер негізінде әрекет ету арқылы оларды оң шешуге ықпал ететінін айтты.

– Жұмыстар үш негізгі бағытта жүзеге асырылады. Біріншісі – алдын алу жұмыстары. Көп жағдайда этносаралық шиеленістердің түбінде тұрмыстық, отбасылық немесе еңбек қатынастарына байланысты мәселелер жатады. Сондықтан біз олардың алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргіземіз. Екіншісі – шиеленіс кезінде медиация қолдану. Осындай жағдайларда біз кәсіби медиаторларды тартып, дауларды бейбіт жолмен шешуге атсалысамыз. Үшіншісі – шиеленістен кейінгі реттеу жұмысы. Яғни, біз мәселенің түпкі себептерін анықтап, оларды жою үшін қайта қалпына келтіру медиациясын қолданамыз. Бұл – адамдар арасындағы сыйластық пен сенімді қалпына келтіруге бағытталған жұмыс, - деді Шерзод Пулатов.

Семинар қорытындысы бойынша оқыту курсынан өткен қатысушылар алдағы уақытта этномедиация бағыты бойынша жұмысқа тартылатын болады.

Айта кетейік, елорданың Достық үйінде Медиация орталығы жұмыс істейді. Орталықтың жетекшісі – Роза Бекишева. Орталық құрамында әртүрлі этномәдени бірлестіктерден 27 кәсіби және қоғамдық медиатор қызмет атқарады. Олар тұрмыстық, еңбек, медициналық және психологиялық сипаттағы дауларды шешуге көмектеседі.

Бұдан бұрын Астанада жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтетінін хабарлағанбыз. 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью