Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
2026 жылғы 22 шілдеден бастап Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімі күшіне енді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Келісімнің негізгі мақсаты – ЕАЭО елдері мен Моңғолия арасындағы сауданы ырықтандыру және өзара сауда рәсімдерін жеңілдету.
Құжат аясында әр тарап үшін 367 тауарлық субпозиция бойынша импорттық кедендік баждар жойылып немесе төмендетіледі. Бұл тараптар арасындағы жалпы сауда көлемінің шамамен 90 пайызын қамтиды.
Келісім үш жыл мерзімге жасалып, автоматты түрде ұзартылуы мүмкін. Сонымен қатар, болашақта толыққанды еркін сауда туралы келісімге көшу мүмкіндігі қарастырылған.
Кедендік баждардың төмендеуі қазақстандық экспорттаушылар үшін Моңғолия нарығына шығуға қолайлы жағдай қалыптастырады. Экспортталатын негізгі өнімдер қатарында астық (бидай, арпа, жүгері), құс еті, сүт өнімдері, бал, күнбағыс майы, қант, шоколад және кондитерлік өнімдер, нан-тоқаш өнімдері, сусындар, сондай-ақ металлургия, машина жасау және химия өнеркәсібінің өнімдері бар.
Аталған келісім ЕАЭО елдері мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтып, қазақстандық тауарлардың Моңғолия нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экспорт көлемін ұлғайтуға ықпал етеді.