Euronews қазақ тілінде сөйлейді

08.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Жағымды жаңалыққа толы жобаны Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары Қанат Ысқақов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында таныс­тырды. Вице-министр бұл бастаманы отандық медиа сала мен мемлекетіміздің дамуындағы маңызды оқиға деп бағалады.

– Біз нағыз тарихи сәтке куә болып отырмыз. «Euronews» халықаралық ақпараттық телеарнасы өз жаңалықтарын енді қазақ тілінде де тарата бастайды. Баршаңызға мәлім, бұл телеарна әлемнің алдыңғы қатарлы, жетекші БАҚ-тарының қатарына кіреді. Сондықтан бұл жайт – біз үшін үлкен мәртебе, – деді Қ.Ысқақов.

«Euronews» Орталық Азия тілдері ішінде хабар таратуды алдымен қазақ тілінен бастап отыр. Бұған дейін бұл арна еліміз аумағында орыс тілінде ғана телеөнім дайындап келген. Енді телеарна өзінің интернет арнасында қазақ тілінде де сұхбат құрып, өзге де жобаларын ұсынбақ.

Жалпы, Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаев айт­қандай, бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттың үні, қо­ғам­ның айнасы деуімізге толық негіз бар. Сондықтан бұл ретте мемлекет пен БАҚ-тың рөлі мен маңызы ерекше бағаланады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы біз­дің алдымызға заманауи әрі бәсекеге қабілетті қазақтілді, яғни мемлекеттік тілдегі сапалы контент дайындау туралы тапсырма қойды. Біз әрдайым қазіргі жаһандық, цифрлық технология кезінде бәсекеге қабілетті болу үшін ха­лыққа мемлекеттік тілде сұра­нысқа сай маңызды да таным­дық контент ұсынуымыз керек. Осы тұрғыдан айтқанда, «Euronews» телеарнасының қазақ тіліндегі хабар таратуы – уақыт талабы. Бұл ешқандай да бір сәнге айналған дүние емес, бұл – біздің мемлекеттік тілдің дамуына үлкен септігін беретін нағыз жоба. Бұған қоса, ең бастысы біздің ақпараттық қауіп­сіздігімізді нығайтуға да бірден-бір күш береді деп санаймыз, деді вице-минстр Қ.Ысқақов.

Сондай-ақ спикер «Euronews» телеарнасының қазақ тілінде жа­ңа­лықтар тарату бастамасы жаңа Конститу­ция­мыз­дың күші­не енген сәтімен тұспа-тұс келіп отыр­­­ғанын да айрықша атап өтті.

Өздеріңізге мәлім, Ата за­ңымыз ең алдымен мемле­кетімізді, ұлттық идеологиямыз бен болмысымызды насихаттауда, халықтың дәстүрін, құндылықтарын әрі қарай дәріптеуде, оны жастарға үлгі етуде үлкен маңызға ие, деді Қ.Ысқақов.

Вице-министр, «Euronews» телеарнасының 2024 жылы іске кіріскен біздің елдегі штабын тек тілшілер пункті ғана емес, сондай-ақ Орталық Азиядағы ақпараттық хабы десек те болатынын айтып өтті. Яғни «Euronews»-тің өңірлік штабының Астанада орналасуы еліміз үшін де үлкен маңызға ие екенін жеткізді.

«Euronews» тек қана хабар таратумен айналыспайды, бұл ең алдымен біздің журналистер қауымын оқытумен, олардың мамандығы бойынша кәсіби шеберлігін арттырумен де айналысып келеді. Бұл бастама да біздің отандық медиа саласының дамуына өз септігін тигізбек. Осы ретте мен «Euronews» басшысына шынайы ризашылығымды білдіремін. Телеарна осы бастамамен ғана тоқтап қалмайды. Алда әлі тағы да үлкен жобалары бар. Яғни мемлекеттік тілді дамытуға әрмен қарай да бірлесе үлес қосатынымызға сенім білдіремін, деп ойын түйіндеді Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары.

Танымал телеарнаның ақпа­раттық жобасының қазақ тіліндегі нұсқасының іске қосы­луы әлемдегі миллион­даған қазақтілді көрер­менге халықаралық жаңалық­тарды өз ана тілінде алуға мүм­кіндік береді әрі еліміз бен ха­лық­аралық медиа қауымдастық арасындағы ақпараттық ынты­мақ­тастықтың жаңа кезеңіне жол аша түспек.

Осылайша, қазақ тілі «Euronews»-тің жаһандық хабар тарату желісінің бір бөлігіне айналып отыр. Баспасөз мәс­лихатында «Euronews» телеар­на­сының қазақ тіліндегі нұс­қасын таныстыру рәсіміне «Euronews» директорлар кеңе­сінің төрағасы Педро Варгас Давид мырза да қатысып, қазақ тілінің дамуына жоғары бағасын беріп, халықаралық арнаның біздің мемлекеттік тілде хабар таратуының маңызын ерекше атап өтті.

Біз Қазақстанда 2 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келе жатырмыз. Дәл қазір тарихи жаңа кезеңнің басталуына куә болып отырмыз. Мен Қазақ­станға кейінгі 13-14 жылдан бері келіп жүрмін. Елдің дамуы мені ерекше тәнті етеді. Мәдениет саласы барлық деңгейде жетіл­діріліп келе жатыр. Енді «Euronews» 14 тілде хабар тара­тады. Бұл тізімге қазақ тілі де еніп отыр. Көрермен бізді интернет арқылы, телеарнада ағылшын, француз, португал, орыс тілдерінде тамашалап келген. Енді міне қазақ тілінде да қарайтын болды. Біз қазақ тілін халықаралық тіл деп танимыз. Сол себепті де оны әлемге паш етпекшіміз, деді спикер.

Сондай-ақ Педро Вар­гас Давид ел халқын жаңа Конс­титуцияның қабылдануымен құттықтап, бұл демократияның нағыз айқын көрінісі екенін атап өтті.

Бір сөзбен айтсақ, «Euro­news» енді елімізді әлемге таныс­тырмақ. ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Euronews Astana» бюросының басшысы Боян Бркич осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, «Euronews» телеарнасының Аста­надағы бюросының кейінгі екі жылдағы басты міндеті әлемдік аудиторияны Қазақ­станмен таныстыру болды. Осы мақсатта арна еліміздің мәдениеті, дәстүрі, туристік әлеуеті, заманауи жобалары мен инвестициялық мүмкін­дік­тері туралы кеңінен ақпарат таратып келеді.

2025 жылдың тамыз айы­нан бері біз «Заманауи көш­пен­ділер» сериалының 43 бөлімін шығардық. Онда Қазақстанның көркем табиғаты, бай мәде­ниеті мен салт-дәстүрлері көрсетілген. Сонымен қатар біз тек өткенді ғана емес, бүгінгі Қазақстанды, қазіргі адамдардың өмірі мен айналысып жүрген істерін де таныстырамыз, деді Б.Бркич.

Бұдан бөлек, «Euronews» «Орта­лық Азия үндері» жобасы ая­сында Қазақстан өкілдері қатысқан 20-дан астам шыға­рылым дайындады. Сондай-ақ елдің инвестициялық әлеуеті мен халықаралық бизнес мүм­кіндіктерге арналған «East-West Connect» бағдарламасының 20-дан астам эпизоды жарық көрді.

Б.Бркичтің айтуынша, «Euronews»-тің цифрлық редакциясы жұмыс істеген уақыт ішінде Қазақстан мен өңір туралы жүздеген материал жария­лаған. Онда еліміздің Еуро­памен ынтымақтастығына және маңызды халықаралық сауда бағыттарындағы рөліне ерекше назар аударылған.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью