Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Басылымның мәліметінше, ірі өндірушілер үшін бұл тыйым 19 шілдеден бастап күшіне енеді. Ал қалған кәсіпорындар 2030 жылға дейін сатылмаған киім қалдықтарын жою тәжірибесінен толық бас тартуы тиіс.
Сонымен қатар бірқатар ерекшелік қарастырылған. Мәселен, зақымданған тауарлар немесе гигиеналық талаптарға байланысты жою қажет болған жағдайлар бұл тыйымға кірмейді. Дегенмен компаниялар қандай тауарларды утилизациялағаны туралы ашық ақпарат беруге міндеттеледі.
DW мәліметінше, жаңа талаптар нарықтағы қазіргі жағдайды өзгертуге бағытталған. Қазір тоқыма өнімдерін жою оларды қайта өңдеуге қарағанда арзанырақ болғандықтан, жыл сайын ЕО аумағында миллиондаған киім-кешек қоқысқа тасталады.
— Бұл жағдайға онлайн-сауда да ықпал етіп отыр. Интернет арқылы сатып алынған тауарлардың едәуір бөлігі кері қайтарылады, ал компаниялар үшін оларды қайта сатуға дайындағаннан гөрі жою оңайырақ. Еурокомиссия дерегінше, Еуроодақта сатылмай қалған аяқ киім мен киімнің шамамен 10 пайызы жойылады, көбіне оларды өртейді. Нәтижесінде жыл сайын атмосфераға шамамен 5,6 миллион тонна көмірқышқыл газы бөлінеді. Бұл көрсеткіш, мысалы, бүкіл Швеция елінің CO₂ шығарындыларынан да жоғары. Тек Германияның өзінде онлайн-сауда саласында жыл сайын шамамен 20 миллион қайтарылған тауар утилизацияланады. Бұл экология мен климатқа айтарлықтай зиян келтіреді, — делінген хабарламада.
Осыған байланысты Еурокомиссия компанияларды тауар қорын тиімді басқаруға, қайтарылған өнімдерді қайта өңдеуге және балама жолдарды қарастыруға ынталандырмақ. Атап айтқанда, киімді қайта сату, қайта өңдеу немесе мұқтаж жандарға беру ұсынылады.
Айта кетейік, Еуроодаққа мүше 27 ел басшыларының келесі саммиті Бельгияның ауылдық аймағындағы Олден-Бизен қамалында өтеді. Жиын барысында Қытай мен АҚШ секілді бәсекелестер аясында ЕО-ның бәсекеге қабілеттілігі талқыланады.
Күн тәртібінде бірыңғай нарықты біріктіру және Еуроодақ экономикасының ауқымын тиімді пайдалану арқылы құрлықтың жаһандық бәсекеден шет қалмауын қамтамасыз ету мәселесі тұр.