Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Антониу Кошта Грекия Премьер-министрі Кириакос Мицотакиспен бірге Делфи қаласында өткен экономикалық форум аясындағы панельдік пікірталасқа қатысты.
Таяу Шығыста Израиль мен АҚШ-тың Иранға жасаған соққыларынан кейінгі жағдайға тоқталған Кошта:
— Біз өте күрделі кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Бұл соғыс халықаралық құқыққа үлкен сын-қатер туғызуда, — деді.
Ол халықаралық құқықтың баламасы — бейберекетсіздік екенін атап өтіп, қазіргі дағдарыстың жаһандық экономикаға әсерінің бірі Ормуз бұғазының жабылуы екенін айтты.
Коштаның сөзінше, Еуропа тараптарды шиеленісті азайтып, дипломатиялық жолмен ұзақ мерзімді бітімге келуге шақырып отыр. Сондай-ақ теңіз қатынасының еркіндігін сақтау аса маңызды екені айтылды.
Оның пікірінше, қазіргі жағдай аясында Еуропа елдерінде энергия бағасының күрт өсуі байқалып отыр.
— Еуропа үшін жалғыз жүйелі шешім — өз энергиясын өзі өндіру. Бұл атом энергетикасы да, жаңартылатын энергия көздері де болуы мүмкін. Әйтпесе, біз үнемі тәуекелдерге тәуелді болып қала береміз, — деді Кошта.
Сондай-ақ ол энергетика саласына инвестиция салу Еуропаның стратегиялық дербестігі мен тәуелсіздігі үшін қажет екенін, бұл мәселе тікелей қауіпсіздікке қатысты екенін атап өтті.
Өз кезегінде Кириакос Мицотакис Таяу Шығыстағы жағдайды күрделі дағдарыс деп бағалады. Оның айтуынша, Ормуз бұғазының ұзақ уақытқа жабылуы мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізуге кедергі келтіріп, энергия бағасының өсуіне, тыңайтқыш тапшылығына, инфляцияның артуына және экономикалық өсімнің баяулауына әкелуі мүмкін.
Грекия Премьер-министрі бұл салдарлар барлық Еуропа елдеріне әсер ететінін айтып, басты мақсат — тұрақты бітімге қол жеткізу екенін жеткізді.
Сонымен қатар, ол Еуропа елдері ішкі энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету үшін атом энергетикасын дамытуды қайта қолға алуы қажет деген пікір білдірді.
Бұған дейін ЕО-ның энергия шығындары 24 млрд еуроға артқанын жаздық.